Digital жаңару: кітапханадағы цифрлық мүмкіндіктер

Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған заманауи жобалар таныстырылды. 

Іс-шара барысында жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы жаңа бастамалар, кітапхана базасында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай «Digital Nauryz» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға кітапхана оқырмандары мен студенттер қытысты. ІТ саласының мамандары робототехника, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллекттің мүмкіндіктері, олардың білім беру, бизнес және күнделікті өмірдегі қолданысын түсіндірді.

Ғалым Әбдіханов, кітапхананың техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі

- Біз ChatGPT пайдалану арқылы бағдарламаның тілін қалай меңгеруге болатыны жайлы, ЖИ қандай бағыттарда қарқынды дамып келе жатқаны жайында ақпараттармен бөлістік. Бізде қазір моноблоктар көрсетілген, олардың барлығы Делфи бағдарламасында ЖИ пайдалану арқылы өзімізге қажетті ақпараттарды толтырып, программа жасап шыққанбыз, ол қазір астында жұмыс істеп тұр. 

Мамандар қазір кітап оқу үшін кітапханаға барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ екенін айтады. Мұнда цифрлық технология арқылы электронды каталог, аудиокітаптар мен цифрлық ресурстарға қолжетімділікті арттыратын моноблоктар жүйесі іске қосылған. 

Жазира Әбибуллаева, колледж студенті

- Бұрын біз келіп, кітапханашыға тіркеліп, кітапты өзіміз тауып алатынбыз. Қазір бәрі басқаша, өзгерген. Жаңа форматпен таныстық. Кітапты кітапханашының көмегінсіз, QR код арқылы өзіміз таба аламыз, сосын өзіміздің ЖСН жазып, кітапты онлаин форматта оқи аламыз. Біз осы арқылы уақытымызды үнемдеп, уақыттан ұтамыз.  

ІТ мамандары қолдан-қолға өтіп, көп оқылған кітаптарды залалсыздандыруға арналған тазалау құрылғысын таныстырды. Сонымен қатар кітапханадағы чат-бот қызметінің әзірленуі, оның болашақта оқырманға жедел ақпарат беру, кітап таңдауға көмектесу және тәулік бойы байланыс орнату мүмкіндіктері жаңа технологияға қызығушылық танытатын жастардың көңілінен шықты. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш