Павлодарда оқушылар «ақылды қала» макетін жасады
Павлодарда оқушылар «Nauryz Smart City» жобасы аясында «ақылды қала» макетін жасады.
Облыс аумағындағы сәулетті ғимараттар, кәсіпорындар мен әсем табиғат көріністері бейнеленген қаланың шағын көшірмесі небәрі екі апта ішінде дайындалған. Макетте Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт, трамвай желісі және Ертіс өзені арқылы өтетін автокөлік көпірі көрініс тауып, қаланың өзіндік ерекшелігін айшықтай түскен. Ал «Nauryz Art» алаңында ұзындығы 80 метрлік құрақ панно көпшілік назарын аударды. Сонымен қатар сандықтар көрмесі де мерекенің сәнін кіргізді. Көнеден жеткен кәделі бұйымды жаңғыртуды мақсат еткен жоба авторларының айтуынша, бұл алты айлық еңбектің жемісі. Оқушылар халқымыздың тұрмысында кеңінен қолданылған ұлттық бұйымның тарихын зерттеп, ою-өрнек пен оны жасау технологияларын меңгерген.
Мөлдір Мұсаева, облыстық білім беру басқармасының бас маманы:
- Өңірімізде 45 білім беру ұйымы осы жобаға қатысты. Бүгін өзіміздің сахнаның төрінде жүлдегерлер анықталып, барлығы марапатталды. Бұл жобаның әрине мақсаты біздің қазақ халқының ұлттық өнерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына сіңіру болса керек.