Елімізде түлектерге арналған ЖИ курсы басталды
Мақсұт Нәрікбаев университеті өз түлектері үшін жасанды интеллектті меңгеруге арналған курс бастады.
Онда тәжірибелі мамандар кез келген кәсіп иесі үшін сұранысқа сай өзекті машықтарды үйретеді. Түлектер екі күннің ішінде жасанды зиятты меңгергені жайында арнайы сертификатқа ие болады. Оқыту курсы тегін. Оған қатысу үшін қазірдің өзінде мыңнан аса түлектен өтініш түскен. Бүгінгі алғашқы лекке 50 жас маман ілікті. Игі шара алдағы уақытта жалғасын табады. Атап өтейін, Мемлекет басшысы озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жұмыс барысында кеңінен қолдана білуінің маңыздылығын атап өткен болатын.
Динара Щеглова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Бүгінгі іс-шара – үлкен шара деп есептеймін. Maqsut Narikbayev University қабырғасында оффлайн екі күндік курстар өтетін болады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған болатын осы жыл. Әр ұйым, әр ЖОО өздерінің ЖИ курстарын жүзеге асырады.
Әсел Әбілдаева, Maqsut Narikbayev University Бизнес мектебінің директоры:
- Жасанды интеллект жай ғана технология емес, экономика және заманауи білім беру жүйесінің жаңа тілі. Біз осы трансформациялық бағытпен үндеспіз. Осы орайда AI Upgrade тегін ЖИ интенсивін барлық түлектерімізге ұсынудамыз. Бірінші этапта 300 түлекті оқытатын боламыз. Айтып кететін жайт, MNU тек қана диплом бере қоймай еңбек нарығында өз мамандарымызды, өз түлектерімізді кәсіби дағдылары мен қабілеттерін арттыруға мақсат етеміз.