Тоқаев АӨСШК саммитінде ЖИ, энергетика және су мәселелерін көтерді
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдерінің саммитінде сөз сөйледі. Бүгін Қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Саммитте Президент жасанды интеллект саласына кеңінен тоқталып, көлік байланысы, өңірлік ынтымақтастық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыптарын қозады. Жаһандық су мәселесі де назардан тыс қалмады, деп хабарлайды 24KZ.
Әлішер Әли, тілші:
- Азия кеңесін құру бастамасын 1992 жылы біздің ел көтерді. Алғашқы саммит Алатау баурайында өтті. Алматыда кеңестің бас құжаты қабылданып, мақсаты мен міндеті бекіді. Одан кейін жиынға Түркия, Қытай мен Тәжікстан төрағалық етсе, 4 жыл бұрын тізгін қайта елімізге өтті. Ал бүгін Қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді.
Әзербайжанның бас қаласы Баку 2024 жылдан бері саммитке төрағалық етеді. Содан бері көлік байланысын кеңейтуге, цифрландыру мен тұрақты дамуға басымдық берді. Сауда, ғылым және білім саласындағы бірлескен жұмысты да жандандыруды көздейді. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті жоғары деңгейде өткізген Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Әзербайжанның сан саладағы ілкімді істерін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан үшін Кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан астам уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ.
29 мемлекет. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгін Лаоспен толықты. Президент ұйымға мүше елдерде жер жүзіндегі халықтың жартысына жуығы барын айтып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын тағы еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті.
Болашаққа бағытталған ұйым түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек. Президент қаузаған тақырыптардың бірі – жасанды интеллект. Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін Вашингтон моделін құптайтынын айтып, ұйымның бес бағытына осы мәселені қосуды ұсынды. Бұдан бөлек, Азия мен Еуропаны байланыстыратын талшықты-оптикалық байланыс желісіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікке қатер төніп тұрғанын да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқае, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды. Бұл елдеріміздің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады.
Азия мен Тынық мұхиты аймағында әлем халқының 60 пайызы тұрады. Алайда жаһандық су ресурстарының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі. Президент келелі кеңесте су мәселесін де көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның атынан бірлесіп ілгерілетуге болатынын айтты.
Азия жалпы ішкі өнім мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқаны бұған дәлел. Мемлекет басшысы адами капитал мен жас ұрпақтың болашағына назар аударып, Қазақстан ұйымға мүше барлық елдің студенттеріне стипендия бөлуге дайын екенін айтты.
Ильгар Велизаде, саясаттанушы:
– Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогпен кездесті. Тараптар Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын қаузады, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа тоқталды. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті. Мемлекеттер басшылары қос ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын қаузады.
Бүгінде қос ел көлік-логистика, энергетика және цифрландыру сынды сан салада бірлесе жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылдың алты айында тауар айналымы 250 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстан астық, алюминий, металл, химикаттар мен мұнай жеткізеді. Ал Әзербайжаннан көлік құрастыруға арналған жабдықтар, полиэтилен және азық-түлік өнімдерін сатып аламыз.