Түркістан облысында оқушылар тұрмыстық қалдықтардан робот жасады
Түркістан облысының Отырар ауданында ауыл мектебінің оқушылары ескі тұрмыстық заттардан робот жасап шығарды.
Жасанды интеллект платформасына негізделген цифрлы көмекші үш тілде сөйлеп, деректерді дыбыстайды. Одан бөлек, мектепте «ақылды қоңырау» жобасы іске қосылған. Оқушылар мен ұстаздардың тың идеясы таңқалдырмай қоймайды.
Ақылды қоңырау әр сабақтан соң үзілісті хабарлап, пайдалы ақпарат береді. Бұған оқушылар да әбден үйренген. Жобаны мектеп түлегі, ағайынды Марат және Мұрат Нарымбетовтер құрастырған. Бірі мектепте ағаш ұстасы болып жұмыс істесе, екіншісі IT саласын өз бетінше меңгерген. Айтуларынша, жоба қарапайым заттардан жасалған.
Мұрат Нарымбетов, жоба авторы:
- Әрбір қоңырауға қазақтың ұлттық күйлерін таңдадық. Мысалы, жоғары сыныптарға «Адай» күйі болса, түстен кейін оқушыларға «Балбырауын» соғады деген сияқты. Құрылғының басты ерекшелігі – уақытты дәл сақтап, қоңыраудың кешікпеуі. Бұрын жұмысшы апайлар қоңырауды қолмен соғатын болса, қазір автоматты түрде іске қосылады.
Ал оқушылардың өздері ойлап тапқан мына робот күнделікті ағылшын тілі және өзге де пәндерде қолданылады. Робот флеш-жадтағы ақпаратты дыбысқа айналдырады. Ол істен шыққан шаңсорғыш пен дауыс зорайтқыш сынды тұрмыстық заттардың қаңқасынан құрастырылған. Құрылғы бағдарлама арқылы енгізіген мәтінді оқып, оқушыларға көмекші құрал қызметін атқарады.
Дарынды оқушылар мен ұстаздардың тың идеясы арқылы іске асқан бұл жоба аудандық «Super star» байқауында бас жүлдеге ие болған.
Айзере Оңалбек, оқушы:
- Бұл робот жай ғана көрме емес, ол – заманауи білімнің, шығармашылықтың және ұлттық құндылықтың үйлесімі. Роботтың бойынан технологияны, жаңашылдылықты, эстетиканы және тәрбиелік мәнді көрсете аламыз. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарды заманауи үлгіде насихаттауға мүмкіндік береді.
Ал ЖИ платформасына негізделіп жасалған мына роботты оқушылар ағылшын тілі пәнінен берілген тапсырмаларды орындау кезінде қолданады. Оның алдыңғы бөлігіне планшеттік құрылғы орнатылған. Сабақ барысында тақырыпқа қатысты сөйлем құрап, оның дұрыс-бұрыстығын осы цифрлы көмекші арқылы анықтайды. Ол аудиожазба түрінде де үн қатады.
Бұл роботты құрастыру идеясы жоба авторына «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасына қатысқан кезде келіпті. Оған көп уақыт та, қаражат та жұмсалмапты. Тек тұрмыстық заттарды тиімді әрі үйлесімді етіп пайдаға жарата білген.
Гүлфарус Шабдан, мұғалім:
- Мен бүгін өткен шақ тақырыбын өтетін болсам, сол өткен шаққа оқушы бір сөйлем құрайды. Ал бұл робот сол оқушының сөйлеміне талдау жасап береді. Басы шамнан жасалған, асты ПВХ материалы, ыстық желім, көзілдірігі ойыншықтардан, ал микрафоны сымнан жасалаған.
Ауыл мектебіндегі осындай жаңашылықтар мен жетістіктер оқушыларға ерекше шабыт сыйлайды. «Оқушылардың робототехника мен цифрлық технологияларға бейімделген жаңашыл бастамалары болашаққа бағытталған нақты қадам», - дейді ұстаздар .
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов