Әл-Фараби феномені – теңдесі жоқ құбылыс
Ұлы ойшылдың орта ғасырда жазған ғылыми еңбектері қазіргі жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңінде маңызын жоғалтқан жоқ.
Қайта бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің жауабын ғұлама ғалымның еңбектерінен табуға болады. Әмбебап энциклопедистің пайымдауынша, адамның ақыл-ойы, интеллектісі туа біткен қабілет. Ғалым оның потенциалды, әрекетшіл, рухани және материалдық түрлері болатынын сол кездің өзінде сипаттап айтып кеткен.
«Әбу Насыр Әл-Фарабиді насихаттау біздің парызымыз. Оны терең зерттеген сайын, оқыған сайын әр қырынан ашылады»,- дейді фарабитанушы Жақыпбек Алтаев. Ол орта ғасырдағы ислам философиясының негізін салды. Бір философия ғана емес математика, астрономия, логика, музыка және әлеуметтану, медицина салаларында 150-ден аса ғылыми трактат жазған.
Жақыпбек Алтаев, фарабитанушы, философия ғылымдарының докторы:
- 21-ғасыр ғой. Оның бір кереметтігі сол сонау орта ғасырда жазылған еңбектері мысалы, Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы, Ғылымдар классификациясы, физика математика жөнінде айтқандары, болмаса мына интеллект жөнінде айтқандары. Енді қазір ЖИ деп айтып жатырмыз ғой, сол кездің өзінде Әл-Фараби мына ЖИ, потенциалды интеллект, әрекетшіл интеллект деп, яғни рухани интеллект, материалдық интеллект деп сол интеллект жөнінде өзінің ой-пікірін айтып кетеді.
«Екінші Аристотель» атанған тұлғаны әлем ғалымдары мойындаған. Бүгінде 12 мемлекетте Фараби орталығы бар. Әл-Фараби университетінде мұражайы жұмыс істейді. Оған қоса, қайырымдылық идеяларын ізгілендіруге арналған «Әл-Фараби және қазіргі заман» курсы оқытылады.
Айнұр Құрманәлиева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі:
- Біз цифрлық дәуір кезінде осы мүмкіндікті қалай пайдалана аламыз деген идеяны айтқым келеді. Мысалы, farabidation of AI деген жақсы бір идеяны ұсынғым келеді. Себебі қазір жасанды интеллект барлық балаларымыз чат GPT мен тағы басқа чат боттарды пайдаланады. Алайда біз сол кезде Әл-Фараби ұғымдарын қалай енгізе аламыз? Біз егерде ЖИ-ні бабамыздың құндылықтары негізінде үйрететін болсақ, оны оқыған студенттердің барлығы осы бір ізгіліктерді үйренуге машықтанатын еді.
Ұлы ойшылдың «Адамның ақыл-ойы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», логикаға қатысты құнды еңбектері бар. Соның идеясын жасанды интеллектінің алгоритміне салатын болсақ, оны пайдаланған адамдар сыни ойлауға машықтанады. Яғни кемелдене түседі. Философия ғылымдарының докторы Айнұр Құрманәлиева осылай дейді. Былтыр Әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай қазақ тілінде алғаш рет «Фарабитану» атты 20 томдық шығармалар жинағы шықты. Биыл мемлекет басшысы «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды. Бұл марапат ғылым мен білімді дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев