Қазақстандық мұғалімдер Бішкекте тәжірибесімен бөлісті

Отандық білім беру тәжірибесі халықаралық деңгейге көтерілді.

Бішкекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтті. Қазақстандық ұстаздар сабақ оқытудағы үздік әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыра түскен шараға 500-ден астам педагог қатысты.

Форум алаңында әр елден келген педагогтер мен сарапшылар бас қосты. Ұйымдастырушылар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Қырғызстанның түрік білім беру желісі. Қатысушылар негізгі назарды «сабақты зерттеу» тәсіліне аударды. Яғни мұғалімдердің өз жұмысын үнемі талдап, оқыту әдістемесін жетілдіріп отыруы. Бүгінде бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Ол педагогтерге оқушыларды тереңірек түсінуге және білім беру үдерісінің барлық қатысушыларымен тиімді әрекет етуге көмектеседі.

Әнуар Жанғозин, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы:

- Біз 2024 жылы Астанада алғаш рет сабақты зерттеу бойынша халықаралық конференция өткіздік. Оған 25 мемлекеттің өкілдері қатысты. Қазір бұл тәсіл Қазақстанның қалалық және ауылдық мектептерінде белсенді енгізіліп жатыр. Сондықтан бұл тәжірибемізбен өзге де елдермен бөлісуді жөн көрдік. 

Бішкектегі білім беру конференциясына бас-аяғы 500-ден астам мұғалім қатысты. Олардың 170-і Қазақстаннан келген ұстаздар. Соның ішінде 65 педагог ауыл мектептерінде қызмет етеді. Олар күнделікті жұмыс барысында қалыптасқан зерттеу нәтижелері мен өздерінің әдістемелік тәсілдерін ұсынады. Айта кету керек, бұл тәжірибе әлем бойынша алғаш рет Жапонияда қолданылған.

Кюсю Тетцу Курамтото, Жапонияның мәдениет және өнер университетінің профессоры:

- Мұғалімнің тек білім беруші ғана емес, оқушыларға бағыт-бағдар беретін тәлімгер бола алуы өте маңызды. Сол кезде жаңа білімге ұмтылған оқушылармен тығыз байланыс орнайды. Мұндай жағдайда білім беру нәтижелері әлдеқайда жоғары болады.

Бағдарлама аясында секциялық отырыстар, шеберлік сабағаттар, панельдік пікірталас және көрме қарастырылған. Сондай-ақ қатысушылар сабақ барысын бақылау үшін Бішкек қаласындағы мектептердің біріне барды. Сарапшылар мен педагогтердің халықаралық кездесуі екі күнге жалғасты.

Мөлдір Жақан, Бақыт Чермашев