Қазақстан партиялары халықаралық ынтымақтастықты нығайтып жатыр
«Әділет» және Respublica партияларының өкілдері Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының XIII Бас ассамблеясына қатысты.
Сеул қаласында өткен жиынға 36 елден 80-нен астам делегацияның өкілдері жиналды. Форум қатысушылары Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының спикерімен және елдегі билік пен оппозициялық саяси бірлестіктердің мүшелерімен кездесті. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов шетелдік әріптестеріне Қазақстанда жүріп жатқан реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ ол геосаяси тұрақсыздық жағдайында халықаралық диалогты нығайтудағы партиялардың ерекше ролін атап өтті.
Нұрсұлтан Байтілесов, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:
- Бүгінде әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Осындай жағдайда саяси партиялардың халықаралық диалогты нығайтудағы ролі ерекше. Қазақстан әрқашан бейбітшілік, тұрақтылық және сындарлы диалог қағидаттарын ұстанып келеді. Біздің басты мақсатымыз – елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар тәжірибесімен бөлісу, халықаралық әріптестікті нығайту және Қазақстанның мүддесін халықаралық деңгейде ілгерілету.
Жанат Ысқақов, Respublica партиясы төрағасының орынбасары:
- Қазақстан даулардың бейбіт жолмен шешілуін, халықаралық құқық пен сындарлы ынтымақтастықтың құрметтелуін қолдайды. Бұл бізге ортақ шешімдер табуға және шиеленістің ушығуына жол бермеуге көмектеседі. ICAPP ұйымын соншалықты құнды ететін де осы. Ол көзқарастары мен дәстүрлері әртүрлі саяси партияларды біріктіреді, алайда бәріміздің мақсатымыз бір: ол халықтарымыздың бейбітшілігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз ету.