Түркияда қазақ жастары кітап куизін өткізді
«Парасат майданы», «Қар қызы».
Қазақ әдебиетінің классикалық туындылары саналатын бұл шығармаларды білмейтін қазақ кемде-кем. Ал оны оқып қана қоймай, санаға тоқып және жұрт алдында сарапқа салу үлкен дайындықты қажет етеді. Анкарадағы кітап сайысында қатысушылар дәл осы шығармалар бойынша сынға түсті. «Шам» кітап клубының бастамасымен өткен дода жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттырып қана қоймай, бәсекелестік арқылы рухани толысып, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Мазмұнды шара еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының қолдауымен жүзеге асты.
Ару Шарапи, «Шам» кітап клубының төрағасы:
- Біздің таңдаған кітаптарымыз «Парасат майданы», «Қар қызы» және «Толқынды күткен бала» деген жаңа кітап, сонымен бастадық. Өйткені ішінде өте өзекті Арал проблемасы, экология, полигондарды қамтыған шығарма болғаны үшін алдық. «Қар қызы» өте классикалық жаңа оқушыларға әдемі, оңай келетін және қызықты ертегі кейпіндегі кітап болғаны үшін таңдадық. Үшінші кітабымызда «Парасат майданы» шынымен әр адамның оқуы тиіс кітап деп таңдадық.
Қатысушылар доданың алғашқы кезеңінде тест арқылы білімдерін сарапқа салса, екінші турда интерактивті тапсырмаларда тапқырлық танытты. Ал шешуші сәтте билет арқылы таңдалған сауалдарға жауап берді. Финалда Эскишехир мен Анкара жастары тең түсіп, тартысты бәсекеде бас жүлде анкаралық командаға бұйырды. Жеңімпаздардың айтуынша, бұл жетістікке олардың ұшқыр ойы мен ұйымшылдығы жол ашқан.
Айару Жаңабекқызы:
- Үшеуміз де бұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмыз. Өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламыз. Ішіндегі сұрақтардың барлығы философиялық ұтқырлықпен жасалынған деп ойлаймын.
Фариза Құрбанқұлова:
- Біз барлығымыз командная работаны жоғары деңгейде жасадық деп ойлаймыз. Өйткені әрқайсымыз бөліп-бөліп алғаннан кейін ол жерде бірлестік болмаса, біз бірінші орынды алмайтын едік деп ойлаймыз.
Эскишехирден келген Ақбота Бақтияр үшін кітап оқу жай әуестік емес, өмір салтына айналған дағды. Ол әр шығармадан өзінше ой түйіп, рухани дүниесін байытуды басты қағидасына айналдырған.
Ақбота Бақтияр:
- Өте көп оқимын. Мектеп кезінен бастап 4-сыныптан бастап кітап оқып келе жатырмын. Менде 1 жылда 50 кітап бітіру деген сияқты мақсат бар. Осы жылы 60 кітап қойдым. Бір айдың ішінде 3 кітап бітірдік қой жарыс деп. Жарыстың да өзінің қызығы бар. Сол үшін енді осыған тұрарлық десем болады.
Бұл бастама шетелдегі қазақ жастарының рухани тұтастығын бекемдеп, кітап оқуға деген құлшынысын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан ұйымдастырушылар алдағы уақытта жобаны дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков