«Самұрық-Қазына» инклюзивті білімді қолдайды
«Самұрық-Қазына» инклюзивті білім беру саласын қолдауды жалғастырып жатыр.
Қордың әлеуметтік бағыты аясында ел бойынша 31 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, ерекше білім беруді қажет ететін 2,5 мыңға жуық бала баршамен тең дамуға мүмкіндік алды.
Ондағы психолог, дефектолог, логопед мамандары білімін жетілдіріп, оқушыларға заманауи оқу құралдары арқылы білім беріп отыр.
Құндыз Көмекбайқызы – ерекше баланың анасы. Мектептегі инклюзивті білім бағдарламасының нәтижесіне көңілі толады. Арнайы кабинеттерде баланы дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Құндыз Көптөлеуова, ата-ана:
- Қазір мектепке өзі құлшынып тұрады. Кәдімгідей өзгеріс бар. Мамандар мен апайлармен өте ашық сөйлеседі, достық қарым-қатынаста.
Оpenspace форматындағы кең кабинеттер балалар үшін өте жайлы. Мұндағы психолог, дефектолог, логопед мамандар баланың ой-өрісін дамытып қана қоймай, дене тәрбиесімен де айналысады.
Назым Абылқасымова, педагог-психолог:
- Көмегі жақсы тиіп жатыр оқушыларға. Олардың әлеуметтенуі тиімдірек өтеді, бейімделуі сәтті болады, білімдегі қандайда бір оқу қажеттіліктері болса соны осы жерде жеке сабақтар арқылы қуып жете алады бала.
Қордың қолдауымен екі жылда ел бойынша 31 инклюзивті білім беру кабинеті ашылды. Тұжырымдамасын «Самұрық-Қазына Траст» қоры сарапшылармен бірге әзірлеген. Мұнда арнайы мамандар бір жыл бойы біліктілігін арттырып, қордың сүйемелдеуімен жұмыс жүргізеді.
Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры:
- Балаларға өзге балалармен бірге тең құқықта білім алуына мүмкіндік жасап отырмыз. Екі жыл турасында бізде бүгін үлкен нәтиже бар. Инклюзиялық білім беруде өздеріңіз білесіздер оған ерекше бағыт-бағдар қажет. Мақсатымыз халыққа бір реттік көмек емес, жүйелі түрде көмек беру әр-түрлі әлеуметтік жобалар арқылы.
Айта кету керек, мұндай кабинеттердің жартысы «CharitySamruk Marathon» қайырымдылық марафонынан түскен қаражат есебінен ашылды. Осы жексенбіде аталған марафон елордада төртінші рет өткізілмек. Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейту жоспарланып жатыр.
Авторы: Рухани Әбдірахман