Судың да сұрауы бар: еліміздің 18 жоғары оқу орнында экологиялық сағат өтті

Бүгін Қазақстанның 18 жоғары оқу орнында бір мезгілде «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында экологиялық сағат өтті. 

Шараға 4 мыңнан астам студент қатысты. Экосағаттың негізгі мақсаты – жастар арасында тіршілік нәріне ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, су үнемдеу технологияларын насихаттау және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру. Іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те қатысты. Қазір елімізде суды үнемдеу үш бағытта жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы тіршілік көзін үнемдеу технологияларын енгізуге міндетті. Ол үшін мемлекет субсидия да бөліп отыр. Суды көп пайдаланатын екінші сала – өнеркәсіп. «Олар бес жылдың ішінде суды қайта пайдалану жүйесін қолданысқа енгізуі керек. Сонда жылына 1,7 миллиард текше метр су үнемдейміз», - дейді мамандар. Үнемдеуге әр адам үлес қоса алады. Ол үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі арнайы нұсқаулық әзірледі. Тіршілік нәрін үнемдеу ережелерімен бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері танысты.

Қайратғали Хайрулла, Су ресурстарын ақпараттық талдау орталығының басшысы:

- Суды артық пайдаланбау туралы кеңестерді назарға алатын болсақ, Қазақстан бойынша жылына 260 миллион текше метр суды үнемдеуге болады. Бұның барлығы есептелген нәрсе. Мұның барлығы – суды пайдалануға, суға деген қарым-қатынасымыздың өзіміздің мәдениетімізді дұрыс қабылдауға бағытталған жұмыстардың бірі.