Елде ғылымды дамытуға басымдық беріледі

Елде ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгереді. Бұдан былай қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріледі. 

Бұл туралы Қызылордада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты көшпелі отырысында мәлім болды. Алқалы жиында ғалымдар өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Зерттелетін ғылыми тақырыптар Ұлттық ғылым академиясының сүзгісінен өтеді. Оның нәтижесіне ерекше мән беріледі. Ал жүзеге асу барысы жасанды интеллектке негізделген цифрлық технология арқылы бақыланады. Ғылымды қаржыландыру жүйесі де өзгереді.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Қолданбалы ғылымды салалық министрліктер мен осы әкімдер өздері басқаруы керек. Мақсатты солар қою керек, бизнеспен бірге, содан кейін соны алып жүруі керек, бақылап.

Көшпелі отырыста Қызылорда өңірін дамытуға қатысты тың ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында күріш шаруашылығын жаңғырту, су ресрустарын тиімді пайдалану және Аралдың экологиялық мәселелерін шешу секілді тақырыптар бар.

Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:

- Өңірдің экономикалық-әлеуметтік және технологиялық дамуы мен осы ғылым мен білімнің тікелей байланысы бар. Сондықтан қазіргі таңда біз инновацияға негізделген және осы экономиканы жаңа үрдістерге, жаңа технологияларға қалыптастырып, соны ұштастыруға жұмыс жүргізудеміз.

Наурызбай Байқадамов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:

- Жергілікті жерде ғылыми кеңестер құрылған. Сол ғылыми кеңестердің алда атқаратын жұмыстарын анықтауға да, бағыттауға да, айқындауға да осы көшпелі отырыстардың үлкен көмегі болады деп сенеміз.

Мамандар шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, бірқатар жоба жүзеге аса бастағанын атап өтті. «Аймақ экономикасын дамытатын бастамалар аясында ең озық технологияларға иек арту – уақыт талабы», - дейді ғалымдар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин