Ғылымға бөлінген қаржы үш есе артып, 261 млрд теңгеден асты

Елде соңғы жеті жылда ғылымға бөлінген қаржы үш есе артып, 261 млрд теңгеден асты. Ал гранттық қаржыландыру көлемі 9 жарым есе ұлғайған. Саланы дамытуда бизнестің де белсенділігі байқалады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір елімізде 3 мың 100-ден аса ғылыми жоба жүзеге асып жатыр. Үкімет ізденістің ізіне түскен жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Тың жобаларды әзірлеуден бастап, оған қаржы көзін тарту, сондай-ақ өндіріске енгізуге дейінгі кезеңдерде кешенді көмек қарастырылған. Нәтижесінде жобалардың 31%-ы коммерцияландырудан сәтті өтті. Осылайша, елде 2 500-ден аса жаңа жұмыс орнының ашылуына жағдай жасалды.

Нұрбек Сапарходжаев, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ басқарма мүшесі, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры:

– Қазір біз өндіріс орындарымен байланыс орнатуға басымдық беріп отырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, ғылымды ғылым үшін ғана емес, оның нәтижелерін экономиканың түрлі салаларында қолдану үшін дамытуымыз керек. Бұдан бөлек, бетон, жол және жалпы құрылыс саласы бойынша бірнеше жоба әзірледік. Оларды жүзеге асыру үшін серіктестерді тарту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Бүгінде елдің ғылым саласында 28 мыңнан аса адам еңбек етіп жатыр. Соның жартысынан көбі – жастар. Мемлекет үшін сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту басты басымдық. Оларды баспанамен қамту, гранттық бағдарламалар қатарын көбейту сынды жұмыстар қолға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз: