Мектептерде телефон қолданудың бірыңғай ережесі енгізілмек

Фото: depositphotos.com

Бүгін Мәжілісте «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жіберілді, деп хабарлайды «24KZ».

Құжаттағы басты өзгерістердің бірі – орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдаланудың бірыңғай қағидаларын енгізу. Депутаттардың айтуынша, бұл оқушылардың назарын сабаққа аударып, кибербуллингтің алдын алуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов заң жобасы қоғам сұранысына сай әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат бірінші оқылымнан кейін жан-жақты пысықталып, жұмыс тобы мен сарапшылардың қатысуымен бірнеше отырыста талқыланған.

Сондай-ақ қаралатын мәселелердің ауқымы кеңейгендіктен, заң жобасының атауы өзгертілген. Енді құжат «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Депутаттардың пікірінше, жаңа нормалар білім беру ортасындағы тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.