Елдегі мектептерде стоматологиялық кабинет ашылады
Елдегі мектептерде 200-ге жуық стоматологиялық кабинет жұмыс істеп тұр. Алдағы екі жылда олардың санын мыңнан асыру көзделіп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Онда ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау мен стоматологиялық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Астанада өткен «Оқушы денсаулығы» республикалық конференциясында Денсаулық сақтау вице-министрі мәлімдеді. Манас Рамазановтың айтуынша, барлық жұмыс «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында іске асады. Оның шеңберінде оқушылар денсаулығына баса мән беріледі. Қазір 9 облыста көпбейінді балалар ауруханасы мен оңалту орталықтары салынып жатыр. Ал келер жылы 8 өңірде жаңа перинаталдық нысандардың құрылысы басталады.
Манас Рамазанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
– «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалардың өмірге келгеннен бастап, кәмелет жасқа толғанға дейінгі қолдау шараларын қамтиды. Оның толық іске асуы үшін тек бір емес, бірнеше министрлік пен жергілікті әкімдіктер бірігіп жұмыс істеуі қажет. Біз өз тарапымыздан балалардың денсаулығына қатысты жұмыстарға жауап береміз. Алдағы уақытта жаңа медициналық нысандар бой көтереді. Ал қолданыстағы инфрақұрылымдар жаңартылады. Осы арқылы дені сау ұрпақ қалыптастыруды көздеп отырмыз.
Конференцияда әсіресе жасөспірімдердің денсаулығы сөз болды. Қазір елде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүріп жатыр. Жыл басынан бері 11 жастан асқан 74 мың қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алды. Ал 41 мың оқушыға екпенің екінші дозасы салынды.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Иммундық профилактика орталығының басшысы:
– Профликатикалық денсаулықта басты назар вацинация жұмысы. Қазір жасөспірімдер арасындағы АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде. Мектептердегі қыз балаларға тегін түрде ұсынылады. Вакцинацияға республика бойынша 11 жастан асқан қыз балалар егілуге жатады.