Педагогикалық және медициналық мамандықтарға талап күшейтіледі
Бүгін Мәжілісте «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «24KZ».
Құжат аясында педагогикалық және медициналық мамандықтарға студенттерді қабылдау және ауыстыру талаптарын қатаңдату көзделген. Депутаттардың айтуынша, бұл шешім аталған салаларға ең үздік әрі білікті жастарды тартуға бағытталған.
Сонымен қатар талантты мамандарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант беру нормасы енгізілді. Бұл бастама дарынды жастарды ынталандыруға және кәсіби кадрлық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаттары бұл өзгерістер білім мен денсаулық сақтау салаларындағы мамандар сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Заң жобасы Сенат қарауына жіберілді.