Мұғалімдер артық міндеттерден босатылады
Бүгін Мәжілісте «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «24KZ».
Заң жобасына сәйкес, енді педагогтердің жауапкершілігі тек оқу процесі аясында айқындалады. Бұл мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстар мен артық жүктемеден қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжатта қағаз және электронды форматта қатар жүргізілетін «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салу қарастырылған.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов жаңа нормалардың маңызын атап өтті.
Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді, – деді депутат.
Құжатта ата-аналардың баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін кеңейту де қарастырылған. Депутаттардың айтуынша, білім мен тәрбие беру ісі енді тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің де ортақ міндеті ретінде айқындалады.
Аталған заң жобасы енді Сенат қарауына жіберілді.