Алматы мектептері IB жүйесін енгізе бастады
Алматылық ұстаздар Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп жатыр. Олар Сеулдің білім беру жүйесіне Халықаралық бакалавриатты енгізудегі бірегей тәжірибесін зерттеп жатыр.
Сапар аясында елдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Корё университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Оңтүстік Кореяда бұған дейін элиталы IB бағдарламасы тек қымбат жекеменшік мектептерде ғана қолданылатын. Алайда үкімет оны қарапайым мемлекеттік оқу орындарына да енгізіп, «Корей бакалавриаты» деп аталатын жүйені құрды. Басты мақсат – жаттауға негізделген қатаң жүйеден арылып, «Сунын» ұлттық тестілеуі алдындағы оқушылардың күйзеліске түсуін болдырмау. Оңтүстік Кореяның ең үздік университетінің бірі – Корё осы тәжірибені алматылық мұғалімдермен бөлісуді ұйғарған. Нәтижесінде оқу орны мен Алматы қаласының Білім басқармасы арасында меморандумға қол қойылды. Құжат кәсіби тағылымдамалар мен тәжірибе алмасуды көздейді. Сондай-ақ университет Қазақстаннан келетін талапкерлерді де асыға күтеді.
Сон Сан Ги, Корё университетінің вице-президенті:
- Үш жыл ішінде біздегі шетелдік студенттердің саны екі есе артты. Ал Қазақстаннан келген жастарға тоқталсақ, олар студенттер саны бойынша Қытай мен Моңғолиядан кейінгі құрметті үшінші орында тұр. Біздің кампусымызда осындай жан-жақты дайындалған, ынталы әрі талантты балалардың оқып жатқанына өте қуаныштымыз.
Қазақстанда Халықаралық бакалавриат жүйесі пилоттық режимде Алматының бес мемлекеттік білім ордасына енгізілді. Дәстүрлі тәсілден басты айырмашылығы –мұғалім дайын жауапты айтып бермейді, оқушыларды дұрыс шешім табуға ынталандырады. Пәндер өзара байланыста оқытылады, ал бағалау 8 баллдық деңгей бойынша жүргізіледі. Биология немесе информатика сабақтарында терминдер ағылшын тілінде қолданылады. Бұл ретте қазақстандық оқулықтар мен стандарттар өзгеріссіз қалады, тек оқыту әдісі жаңарады.
Айым Сағдолданова, Алматы қаласы №201 мектеп-гимназиясының myp үйлестірушісі:
- Басында оңай болған жоқ. Бұл түбегейлі өзгерісті талап етеді. Мақсатымыз –балаға әлемдік білімді ұлттық тәрбиемен беру. Яғни бұрынғыдай жаттанды формат емес, енді қазір баланың креативті ойлауына жұмыс жасап жатырмыз. Баланың көп сөйлеуіне мән беріп жатырмыз. 5-9-сыныптар бойынша шамамен 680-дей оқушы білім алып жатыр.
Алматы мектептері үшін келесі кезең – толық авторизациядан өту. Болашақта бұл қазақстандық түлектерге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына жол ашады. Ол жерлерде IB дипломдары автоматты түрде танылады, ал бірінші курстың пәндері емтихансыз есептеледі.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян