Алматы облысында түлектер кеші жаңа тәртіппен өтеді
Биыл Алматы облысында мектеп бітіру кештерін мейрамхана, демалыс орындары мен табиғат аясында тойлауға тыйым салынды.
Бұрынғыдай сән-салтанатымен өткізуге болмайды. Себебі түлектердің қауіпсіздігі маңызды, дейді жауаптылар. Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға да рұқсат жоқ. Қазір мектептерде түлектер мен олардың ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл өңірде түлектердің мектеп бітіру шарасын өткізу тәртібі күшейтілді. Соңғы жылдары сәнге айналған қымбат мейрамхана, кортеж бен табиғат аясындағы думанды кештерге тыйым салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Ақмарал Бақытқызы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Аттестат тапсыру кештері бізде 17-18 маусым күндері өтеді. Әрине аттестат тапсыру кештері де мектеп қабырғасында өтетін болады. Алматы облысы әкімінің қаулысы, Оқу-ағарту министрі мен білім басқарамасының бұйрығы шықты бүгінгі күнде. Яғни ол қаулы мен бұйрықтар білім беру ұйымдарында түрлі іс-шараларға ақша жинамау мәселесі бойынша.
Ал мектеп бітіру кештері өтетін күндері полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әсіресе жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. "Себебі жыл сайын кортеж ұйымдастырып, жол ережесін бұзатын жағдайлар тіркеледі", дейді мамандар.
Еркебұлан Ахметов, әкімшілік полиция басқарма бастығының орынбасары:
- Жыл сайын кортеж жалдағаннан кейін қарсы бағытқа шығады, түлектер люктан, терезеден шығады және қауіпті жүргізеді. Бұның бәрі тек жол ережесін бұзу ғана емес, біреудің өміріне залал келтіруі мүмкін. Егер жасөспірімдер терезеден не люктен шыққан болса, ол әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабы бойынша жүргізуші де, жас түлектің ата-анасы да жазаланады.
Айта кетейік, бұл талаптар тек 11-сынып түлектеріне ғана емес, 9 және 4-сынып оқушыларына да қатысты. Биыл Алматы облысында 18 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.
Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов