Түркістанда алғаш рет ғарыштық модельдеуден инновациялық жоба жүзеге асты

Түркістанда алғаш рет ғарыштық модельдеу саласында инновациялық жоба жүзеге асты.

Оқушылар сарайының «UniSat» хаб орталығы дайындаған «YasSat-2026» наноспутнигі ұшырылды. Мамандар жас зерттеушілер құрастырған ғарыш аппараты атмосфераның төменгі қабатын зерттеуге толық мүмкіндік беретінін айтады.

Бүгін Оқушылар сарайының жас зерттеушілері «YasSat-2026» наноспутнигін ғарыш кеңістігіне ұшыру үшін Теке ауылы маңына жиналды. Осы жобаны іске асыруға бастан аяқ қатысқан Олжас Жақыпов ұшу аппаратын құрастыру үшін 2 жыл уақыт жұмсағандарын айтады. Былтыр авторлық құқық алған. Наноспутник атмосфераның ластану қабатына мониторинг жасайды.

Олжас Жақыпов, жас зерттеуші:

- Осы датчиктер арқылы біз өз қаламыздың атмосферасын тексере аламыз. Сол деректерді алып, әрі қарай өзіміздің қорытындымызды шығарамыз. Біз жақында халықаралық байқауға қатысып келдік. Сол жерде көптеген тәжірибе алдық. Енді осы жобаны әрі қарай жаңартып, дамытамыз деген ойдамыз. 

Наноспутник гелий толтырылған ұшу шары арқылы көкке көтеріледі. Автоматтандырылған пульт арқылы жерден басқарылады. Салмағы - 1 келі 200 грамм. Көлемі - 10 шаршы см. Секундына 5 метр жылдамдықпен ұшады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Заманауи құрылғылармен жабдықталған ғарыш аппараты 30 шақырым биіктікке дейін көтеріле алады. Бүгін мамандар 10 мың метр биіктікке дейін ұшырып, сынақтан өткізеді. Наноспутник атмосфераның төменгі қабатындағы ауа температурасын, қысымын және ылғалдылығын зерттейді. Сондай-ақ көктен қажетті фото-видеотүсірілімдер жасап, жердегі станцияға маңызды ғылыми ақпаратты жолдайды.

Яғни наноспутник жоғарыға көтеріліп бара жатқан кезде әрбір 2-3 секунд сайын атмосфераның қабатында болып жатқан өзгерістерді бақылап, өзіне сақтап отырады.

Еркін Ақтаев, "UNISAT" Education хаб орталығының ғылыми жетекшісі:

- Қайта жерге парашютпен оралғаннан кейін біз оны GPS арқылы тауып аламыз. Соны алғаннан кейін құнды мәліметтерді біз арнайы бағдарламамен өңдейміз. Оны құжат ретінде әкімшілікке керек бола ма, экология департаментіне керек бола ма, біз ұсына аламыз. Біз сол деректерге сүйене отырып, өзіміз ғылыми мақала жазатын боламыз. 

Ғылыми жоба авторлары енді наноспутник арқылы Түркістан облысының экологиялық картасын жасауды көздеп отыр. Жергілікті билік оқушылардың тың бастамасын қолдайтындарын жеткізді.

Еркебұлан Дауылбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Оның үстіне биылғы жылды Президентіміз жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Соған тұспа-тұс келіп отырған біздің оқушыларымыздың жасампаз жаңашылдығы алдағы уақытта да осы спутникті ғылыми тұрғыда зерттеп, әрі қарай кеңінен пайдалануға толық мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Оқушылар сарайының» бірлескен инновациялық жобасы.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов