ШҚО-да оқушылар мүгедек жандардың өмірін жеңілдететін жобалар әзірледі

Шығыс қазақстандық жас өнертапқыштар мүгедектігі бар жандардың өмірін жеңілдетуге және денсаулықты сақтауға бағытталған тың жобалар әзірледі.

Бірі қазақ тілінде ым-ишараны дыбыстайтын цифрлық бағдарлама ойлап тапса, өзгесі омыртқа қисаюының алдын алатын «ақылды сөмке» құрастырған. 

Әлихан Дарханұлы алақандағы барлық нүктелерді және олардың қызметін жатқа біледі. Жарты жылдан бері жетекшілерімен бірге осы бағытты зерттеп келеді. Нәтижесінде ым тілін қазақша дыбыстайтын цифрлық жүйе ойлап тапты.

Жүйе күнделікті қолданылатын осындай қысқа сөздерді жетік меңгерген. Нақты 16 қимылды таниды. Болашақта жоба авторы тапсырманы күрделендіріп, сөз тіркестерін қосуды ойластырып жүр. «Бұл мүгедектігі бар адамдардың өзімізбен еш кедергісіз араласуына мүмкіндік беруі тиіс», дейді ол.

Әлихан Дарханұлы, Риддер қаласы “Шаңырақ” мектеп-гимназиясының  9-сынып оқушысы:

- Болашақта менің мақсатым оны кеңейтіп, жүзден, мыңнан астам сөз қосып, телефонға жүктеу. Өз халқыма көмегім бар деген, сондай мақсат қызықтырды.

«Инклюзивті білім берудегі ең маңызды мақсат - ерекше балаларды шет қалдырмай, оларды тең мүмкіндікте оқыту. Бұл жүйе дәл осы тұрғыдан алғанда таптырмас құралға айналуы мүмкін», дейді ғылыми жетекшілері.

Көркем Бұтабаева, жоба жетекшісі:

- Қазіргі таңда инклюзияға өте қатты мән беріліп жатыр, қазіргі таңда инклюзивті балалар саны артып келе жатқандықтан осы әріптестерімізбен, жоба жасаушы оқушымен бірлесе отырып, осы тақырыпты алдық.

Ал Максим Коваленко мен Иван Гребенщиков бала омыртқасының ерте қисаймауы үшін «ақылды сөмке» ойлап тапты. Бұл мектеп құралының басқадан ерекшелігі сол - ол толықтай түрлі электронды тетіктермен жабдықталған. Егер сөмкеге салынған заттар баланың бойы мен салмағына қайшы болып, тым ауырлап кетсе, онда бірден хабарлама келеді.

Қазір сөмкенің бір-екі данасы сынама ретінде қолданысқа берілген. Жоба авторлары жақын арада  патент алмақ. Ендігі армандары - болашақта осы өнімді қолжетімді ету.

Иван Гребенщиков, жоба авторы:

- Жуырда патент аламыз, әрі қарай әрине осы өнімді нарыққа шығару үшін өзімізге демеуші қарастырып жатырмыз. Өйткені бұндай дүние тек осы жерде қалып қоймауы керек. Егер бұл сөмкені ұстайтын оқушылар көп болса, онда еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз.

Бұдан бөлек зияткерлер экологиялық мониторинг жүргізу жобасын, үй жағдайында ашытқы жасаудың автоматты бағдарламасын сонымен қатар тез ыдырап, қайтара кәдеге жарайтын биоқаптама ойластырып жатыр. Бұл жұмыстарды көпшілікке таныстыру болашақтың еншісінде.

Авторы Эльмира Ахметова

Сондай-ақ оқыңыз: