ҰБТ: талапкерлердің 33%-ы сынақтан сүрінді
ҰБТ тапсырған талапкерлердің 33 пайызы шекті балл жинай алмады. Әңгіме білім сынағының негізгі кезеңіне қатысты.
Бұл – мемлекеттік грант сарапқа түсетін сәт. Биыл билік 89 мыңнан астам жасты мемлекеттік тапсырыс аясында тегін оқытуға бейілді.
Биыл 240 мыңға жуық жан тест тапсырады. Оның 215 мыңы – мектеп түлектері. Қалғаны колледж бен былтырғы бітірушілер. Тесттің төртінші аптасы түйінделді. Осы аралықта талапкерлер 187 мың мәрте білімдерін сынап көрді. Нәтижесінде 67 пайызы шекті балл жинады, қалғаны сынақтан сүрінді. Жалпы тест тапсырушылардың орташа баллы – 64 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- ҰБТ ерекшелігі, екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тест екенін атап өту қажет. Сонымен қатар ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлерге ЖОО-на шығармашылық мамандықтарға түсуге мүмкіндіктері бар. Онымен қатар колледжге түсу мүмкіндіктері бар. Бұл да өз тарапынан мемлекеттік қолдау болып табылады.
Ереже бұзған 391 талапкердің нәтижесі жойылды
Ал 391 талапкердің нәтижесі жойылды. Олар тест ережесін бұзған. Анығын айтсақ, 246 жас шпаргалка, смартфон, смарт көзілдірік секілді тыйым салынған заттарды аудиторияға алып өтпек болған. Ал 145 талапкер тест тапсыру кезінде ереже бұзған. Айта кетейік, енді олар екінші мүмкіндігін пайдаланып, сынақ тапсыра алады.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- ҰБТ – адамның өміріндегі ең маңызды емтихан емес. Десе де талапкерлерді оған барынша тиянақты дайындалып келуге шақырамыз. Сонымен қатар ата-аналардың балаларға қолдау көрсетуі де маңызды. Әр ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкердің жеке кабинетіне тақырыптық талдау ұсынылады. Сол талдауды мұқият қарап, зерделей отырып, келесі ҰБТ-ға, яғни екінші мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін, талапкерлердің тыңғылықты дайындықпен келуіне шақырамыз.
Қай мамандыққа білім гранты көп бөлінді?
Биыл оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Оның 75 мыңы бакалавриатқа, 11 мыңы магистратураға, 3 мыңы докторантураға берілді. Мемлекеттік тапсырыстың 60 пайызы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы саласына, ал 21 пайызы педагог-мамандар даярлауға бағытталған. Қалған 19 пайызы гуманитария, медицина, ІТ, экономика секілді салаларға тиесілі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бүгінде мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуін қамтамасыз ету ғана емес, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесу де маңызды. Осы мақсатта министрлік білім беру навигациясы мен кәсіптік бағдар беру жүйесін дамытып келеді. Оның негізгі құралдарының бірі – былтырдан бері енгізілген «EduNavigator.kz» цифрлық платформасы. Бүгінде осы платформа арқылы 240 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті.
Бұдан бөлек, түлектерге әкім, ректор гранттары тағайындалады. Оның нақты көлемін жергілікті билік белгілейді.