Алматыда Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасына іріктеу басталды
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады.
Құрамаға енген қыз-жігіттер жыл соңында халықаралық финалда ел намысын қорғайды. Іріктеу жарысына Қазақстанның барлық өңірінен 300-ге жуық оқушы келді. Қатысушылар робототехника, бағдарламалау және инженерлік жобалау бойынша сынға түсіп жатыр.
Бекзат Үшкемпір, тілші:
- Менің жанымда тұрған Көкшетау қаласынан келген өнертапқыштар. Ал бұл Домбыра-Сенс құрылғысы. Егер сіз домбыраны үйренгіңіз келсе, бұл сізге таптырмас көмекші. Домбыраға құрылғыны орнатасыз, ал ол жасанды интеллекттің көмегімен сізге домбыраны дұрыс ойнауды үйретеді.
Биылғы іріктеудің негізгі тақырыбы-робототехника мен мәдениетті ұштастыру. Жарыс бірнеше санат бойынша өтеді. Бір бағытта қатысушылар робот құрастырып, оны арнайы тапсырмаларды орындауға дайындаса, екінші бағытта мәдениет пен өнер саласына арналған инновациялық жобаларын ұсынады.
Бақдәулет Аязбайұлы, қатысушы:
- Бұл біз білетіндей Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, сонымен қатар басқа да обьектілер бар. Сол обьектілерді қарайтын инспекторлар саны аз. Бұл обьектті көрген кезде арнайы дөңгелектер арқылы обьектіге жақындайды. Сол кезде камера арқылы стенаны қарайды, егер де дефект көрсе щетка тазалайды, насос үрлейді. Осы трубка арқылы грунтовка келеді.
Жобалар техникалық күрделілігі, шығармашылық шешімдері және практикалық маңызы бойынша бағаланады. Сонымен қатар оқушылар робоспортта да сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды.
Сабыржан Сәдуақасов "НЗМ" Дербес білім беру ұйымы басқарма төрағасының орынбасары
- Бүгінгі ұлттық кезеңге Қазақстанның барлық мектебінен қатысып отыр. Оның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері, жалпы білім беретін мектептер барлығы қамтылған. Сол оқушылардың ішінен өзінің жобасын жақсы көрсеткен, инженерлік шешімін көрсеткен оқушылар сол халықаралық кезеңге өтуге жолдама алады.
Ұлттық құрамаға алынған оқушылар көпке созбай әлемдік финалға дайындықты бастайды. Бүкіләлемдік роботтар олимпиадасы 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Халықаралық финал жылда әр елде өтеді. Биыл жүлдеден үмітті жеткіншектер желтоқсанда Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласына жиналады.
Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев