Атырау облысында 17 мектеп салынып жатыр
Атырау өңірінде 17 мектеп салынып жатыр.
Мектептердің он бірі жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Облыс орталығындағы 2000 орындық мектептің құрылысы былтыр қарашада басталды. Қазір жұмыстың 60 пайызы аяқталды. Жаңа оқу жылы басталғанда халық игілігіне тапсырылады.
Аумағы 18 мың шаршы метр болатын нысанда жұмыс қызу жүріп жатыр. 300-ден астам жұмысшы екі ауысыммен еңбек етуде. Инженерлік желі жүргізу және ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған. Заманауи мектепте 130 сынып-кабинеті, 4 спортзал мен 418 орындық мәжіліс залы болады. Сондай-ақ төменгі қабатта бір мезетте 540 оқушы тамақтанатын асхана орналасады. Ғимаратта балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілді,- дейді құрылысшылар.
Нұрасыл Нұрғазинов, құрылыс алаңының басшысы:
- Шілденің 30-ына дейін құрылысты толық аяқтап, 1 қыркүйектен бастап оқушылар өз орнына жайғасады. Біздің мектебімізде 2 лифт, 6 баспалдақ клетка дейді - 6 дәліз бар. Инженерлік система бойынша автоматты өрт сөндіру құрылғысы барлық этажда, барлық кабинеттерде қарастырылған. Және 86 өрт сөндіретін шкаф қарастырылған.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Мектеп ғимараты 2000 орындық болғанымен мұнда 2 ауысымда 4 мың оқушы білім алатын болады. Ол облыс орталығындағы 3 мектептің жүктемесін жеңілдетеді, дейді мамандар.
Бірнеше мектеп шалғай ауылдарда салынып жатыр. Жаңа оқу жылында Құрманғазы мен Жылыой аудандарында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биыл 43 ескі мектеп ғимараты реновация бағдарламасына енгізілді. Оның 9-ының жөндеу жұмыстары басталды.
Ринат Жалмұқанов, облыстық білім басқармасының қаржы бөлімінің бас маманы:
- Апатты мектептердің жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Реновация жөнінде мектептер қазіргі уақытта аудандарымызда Құрманғазы ауданында, сонымен Индер ауданында мектептер толықтай жөндеуден өткізіледі. Сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өткен оқу жылында өңірде 9 мектеп 3 ауысыммен бала оқытты. Сондықтан 17 мектептің құрылысы басталды. 11 мектеп биыл тапсырылады. Қалғандарының құрылысы қаражат мәселесі шешілгеннен кейін келесі жылы жалғасады.
Арыстанбек Кенже, Амантай мәтенов, Жандос Рахметуллин