Тағы екі колледж су саласына мамандар даярлайды

depositphotos.com

Жаңа 2026-2027 оқу жылынан бастап елімізде су шаруашылығы саласына қажетті кадрларды оқытатын оқу орындарының тізімі тағы екі колледжбен толығады. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Саладағы кадр тапшылығын жою және жаңа технологияларды меңгерген мамандарды тәрбиелеу мақсатында өңірлердегі іргелі екі колледжге арнайы лицензиялар берілді.

Жаңа оқу жылынан бастап мына оқу орындарында су саласының бағыттары ашылады:

Маңғыстау облысы: О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі студенттерді «Техник-гидролог» және «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандықтары бойынша қабылдайды.

Қарағанды облысы: Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша кадрлар даярлана бастайды.

 

Бүгінгі таңда елімізде су шаруашылығы бағытында 8 арнаулы орта оқу орны жұмыс істеп тұр. Онда қазіргі уақытта 757 студент білім алуда. Жаңа ғана аяқталған 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша бұл оқу орындарын 208 жас түлек тәмамдап шықты. Болашақ мамандар тек теориямен шектелмей, тәжірибе жүзінде де шыңдалып жатыр.

Осы колледждерде білім алып жатқан болашақ су мамандары өндірістік тәжірибеден «Қазсушар» РМК филиалдарында өтеді. Министрлік барлық оқу орнымен тиісті меморандумдарға қол қойған. Биыл су саласында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты, - деді ведомствоның Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманалиев.

Қазіргі уақытта отандық колледждерде су саласы бойынша студенттер негізгі 4 бағытта білім алуда: «Гидротехникалық құрылыс», «Гидротехникалық мелиорация», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» және «Гидрогеология». Жаңа екі колледждің қосылуы бұл бағыттағы кадр әлеуетін одан ары арттырмақ.