Семейде болашақ дәрігерлер арасында олимпиада өтті
Семейде медициналық жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында халықаралық олимпиада өтті. Білім додасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналды, деп хабарлайды 24KZ.
Сайысқа қазақстандық білім алушылармен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Әзербайжан студенттері қатысты.
180 қатысушының басын қосқан халықаралық олимпиада еліміздегі тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Бастаманың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық бірегейлікті нығайту және жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру.
Айжан Алдоңғарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы:
– Қазақстанның барлық медициналық ЖОО мен колледждері оффлайн қатысады. Үш кезеңнен тұратын халықаралық олимпиада. Бірінші, екінші кезеңі ол үй тапсырмасы болған. Қазіргі кезде өтетін, үшінші мен төртінші соңғы қорытынды кезеңі өткізіледі.
Олимпиадаға 40-тан астам медициналық білім беру ұйымының студенттері қатысты. Сайыс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Қазақстандық қатысушылар тапсырмаларды дәстүрлі форматта орындаса, шетелдік студенттер жарысқа қашықтан қосылды. Бағдарлама аясында қатысушылардың тілдік сауаттылығы, білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті сынға түсті.
Алтай Дюсупов, Семей медицина университетінің басқарма төрағасы-ректор:
– Олимпиаданың басты мақсаты – білім алушылардың тіл мәдениетін дамыту, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстанның көрнекті саяси қайраткерлерінің өмірі мен қызметін, ел тарихындағы орнын тереңірек зерделеуге ықпал ету.
Білім бәсекесі аясында Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығына арналған шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Қатысушылар тарихи тұлғаның мұрасы туралы эссе жазып, бейнероликтер түсірді. Қорытынды кезеңде үздік нәтиже көрсеткен студенттер дипломдармен марапатталып, барлық қатысушыға арнайы сертификат табысталды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков