БҚО-да кітап оқу марафоны басталады
Батыс Қазақстан облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына алғашқылардың бірі болып атсалыспақ.
Облыстың әкімдік пен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысының «Зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлығын іске асыру мақсатында алдағы айда елде кітап оқу марафонын бастау жоспарланған. Бұл ауқымды жоба кітапты білім мен дамудың көзі ретінде қабылдайтындарды біріктіреді. Осыған орай өңірде жобалық офис құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер тағайындалады. Қатысушыларды тіркеу және оқылған кітаптарды есепке алу үшін цифрлық платформа іске қосылады. Жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсетіледі.
Аян Сақошев, «Кітап оқушы ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Негізгі мақсат – халық арасында кітап оқу мәдениетін дамыту. Жаңа айтылып өткендей, бұл жоба Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасымен тікелей байланысты. Әрбір қатысушы өз бағытын таңдап, жарты жыл ішінде 15 кітап оқып шығуы керек. Ол үшін арнайы ақпараттық платформаға тіркеледі. Платформа арқылы қатысушының кітап оқу деңгейі мен оқу барысы қадағаланып, соның негізінде арнайы тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар арнайы тест тапсырып, интеллектуалдық квиздерге қатысады. Соның нәтижесінде олардың кітапты қаншалықты меңгергені бағаланады.