Қонаевта алғаш рет жүгіру марафоны өтті
Спорттық шараға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында облыс тұрғындарымен бірге елдің өзге өңірлерінен келген желаяқтар да бар, деп хабарлайды 24KZ.
Қала тұрғындары мен қонақтары таңды жаттығудан бастады. Кейін 1500-ден астам қатысушы 5 шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Мәреге алғашқылардың бірі болып Жетісу облысынан келген Есдәулет Қасымжан жетті. Ол белгіленген межені небәрі 18 минутта жүгіріп өтті.
Есдәулет Қасымжан, марафонға қатысушы:
– Дайындалып жүргеннен кейін нәтижесін көру керек осындай кезде. Барлық дайындығымды осы жерге салып, ұтуға тырыстым. Маңыздылығы – жастарға мотивация, біздің артымыздан келе жатқан жас ұрпақ бізге қарап ұтқысы келеді. Осыдан кейін спортпен, жүгіруменен айналысады.
Рауан Әбілхан, марафонға қатысушы:
– Негізі жүгіру – ең жақсы спорт түрі. Адам денсаулығына өте пайдалы. Сондықтан жастарды күнделікті таңертең тұрып, спортпен шұғылдануға, жүгіруге шақырамын. Қазіргі таңда таңертең тұрып, спортпен айналысып, жүгіруден артық ештеңе жоқ.
Qonaev Run марафоны төрт санат бойынша ұйымдастырылды. Жарысқа 15 пен 78 жас аралығындағы қатысушылар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – бұқаралық спортты дамыту және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Дамир Күзембаев, қалалық Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
– Бұл жарысқа Тараз, Талдықорған, Алматы қалаларынан және еліміздің әр өңірінен қатысушылар келіп, тіркелді. Ең бастысы, бұл шара халықтың басын біріктіріп, бұқараны спортқа баулуға бағытталған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының спортпен айналысатын азаматтардың санын арттыру жөнінде нақты тапсырмалары бар. Осы жарыс – сол тапсырмалар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі.
Спорттық шараға мүгедектігі бар азаматтар да қатысты. Бұл бастама – спортта тең мүмкіндіктер мен инклюзивті қоғам қалыптастыру мақсатында енгізілді.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов