Қызылордалық талапкер негізгі ҰБТ-да 140 балл жинады

Фото: gov.kz

Қызылорда облысының түлегі Альфия Балхан негізгі ҰБТ-да ең жоғары – 140 балл жинады, деп хабарлайды «24KZ».

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкер 1 шілде күні Қызылорда қаласындағы аймақтық тестілеу орталығында «Қазақ тілі – Қазақ әдебиеті» пәндер комбинациясы бойынша тест тапсырған. Нәтижесінде 138 балл жинаған. Кейін ҚАЗТЕСТ сертификаты арқылы «Қазақ тілі» пәні бойынша балын конвертациялап, жалпы көрсеткішін 140 балға жеткізді.

«Мен 11-сыныптың алдында ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындала бастадым. Арманым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Кішкентайымнан қазақ классикасын оқуға құмармын. Әдебиетке деген сүйіспеншілігім мені ұстаз болуға жетеледі. ҰБТ-ға дайындық барысында қолдау көрсеткен ата-анама және ұстаздарыма алғысымды білдіремін», – деді Альфия.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир да негізгі ҰБТ-да 140 балл жинаған болатын.

Министрліктің мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғалы жеті апта ішінде талапкерлер шамамен 340 мың рет тест тапсырған. Орташа балл – 66, ал шекті көрсеткішті талапкерлердің 70%-ы еңсерген. Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндікті есептегенде 446 мыңнан астам өтініш қабылданған. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз