Талапкерлер үшін 800-ден астам грант бөлінді
Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 800-ден астам талапкер мемлекеттік білім грантымен тегін оқиды.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарында қабылдау комиссиясы құрылды. Айта кетейік, биыл өтініштерді онлайн форматта да тапсыруға болады.
Бүгін Маргарита Решетнёва үшін ең маңызды күн. Бойжеткен болашақта су, топырақ пен мұнай өнімдерінің сапасын зерттейтін химиялық сарапшы болуды армандайды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, мемлекеттік грантты иеленуге үміт артады.
Маргарита Решетнёва, талапкер:
- Әрине, уайымдап тұрғаным жасырын емес. Алайда грантқа түсуге мүмкіндігім жоғары деп ойлаймын. Болашақта зертханада жұмыс істеп, адамзатқа, қоршаған ортаға пайдамды тигізсем деймін.
Биыл Петропавлда талапкерлер үшін 130 білім беру бағдарламасы ұсынылды. Оның 85-і бакалавр деңгейінде оқытылады. Бизнес, цифрлық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында жаңа бағыттар ашылып, оқытудың тың әдістемелері енгізілді. Дегенмен педагогика мен медицина мамандықтарына сұраныс әлі де жоғары.
Ербол Исақаев, университет ректоры:
- Биыл бізге қос дипломды бағдарламаларға бұрын-соңды болмаған 200 грант бөлінді. Сонымен қатар Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларына 300 грант қарастырылған. Педагогикалық бағыттар үшін 160-қа жуық арнайы квота бөлінсе, «Серпін» бағдарламасы бойынша тағы 145 грант беріліп отыр.
Биыл республика бойынша 89 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді. Оның 75 мыңы бакалавриатқа, қалғаны магистратура мен докторантураға тиесілі. Конкурсқа eGov.kz порталы арқылы да құжат тапсыруға болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков