422 мың тест, 890 ереже бұзушылық: ҰБТ-2026 қалай өтті?
2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысты, деп хабарлайды «24KZ».
Талапкерлердің 73,1 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде тапсырса, 383 түлек ағылшын тілін таңдаған.
Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Осылайша, 233 мың талапкер тестілеуге жалпы 422 мың рет қатысқан. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырған.
Тестілеу нәтижесінде 177 мыңға жуық түлек шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың 76 пайызы. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 69 балды құрады.
Ең жоғары нәтиже — 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия иеленді. Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін де қажетті жағдайлар жасалып, биыл ҰБТ-ға 800-ге жуық адам қатысты.
Электронды форматтағы тестілеуде апелляция беру мүмкіндігі сақталды. Биыл талапкерлерден 95 мыңнан астам өтініш қабылданып, 152 бірегей тест тапсырмасы бойынша шағым қанағаттандырылды. Қазір сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді.
ҰБТ өткізу кезінде 890 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды пайдалануға байланысты тест тапсыру құқығынан айырылды. Ережені бұзғаны үшін 361 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Бейнебақылау материалдарын тексеру барысында тағы 7 талапкердің нәтижесі жойылды. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, талдау жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз