Оксфордта қазақ тілі оқытылады: Тіл үйретіп жүрген алғашқы ұстаз – Дидар Садық

Ұлыбританияның әйгілі Оксфорд университетінде қазақ тілі ресми түрде оқытыла бастады. Әлемдік деңгейдегі оқу орнында ана тілімізден сабақ беретін алғашқы оқытушы – қазақстандық жас ғалым Дидар Садық, деп хабарлайды «24 KZ».

Бұл тарихи бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы бірлескен ынтымақтастық келісімі аясында жүзеге асып отыр.

Жас ғалым Дидар Садық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында сапалы білім алып, мол ғылыми тәжірибе жинақтаған. Енді ол әлемнің ең беделді университетінде қазақ тілін дәріптеу миссиясын сәтті атқаруда.

Қазақ тілінің Оксфорд төріне шығуына арналып «Қазақ тілі Оксфордта» атты арнайы деректі фильм түсірілді. «Хабар» телеарнасы әзірлеген бұл деректі фильмнің алғашқы бөлімін Khabar News YouTube арнасынан көруге болады.

Бұл бастама қазақ тілінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, әлемдік ғылыми қауымдастықтың ана тілімізге деген қызығушылығын оятуға бағытталған.