Қазақстан мен Пәкістан ғылым және білім саласындағы серіктестікті нығайтады

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Пәкістан Ислам Республикасы Білім және кәсіби даярлық министрі Уаджиха Камарды және ресми делегация мүшелерін қабылдады, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, жоғары білімді интернационалдандыру, трансұлттық білім беруді дамыту, академиялық және ғылыми байланыстарды кеңейту, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы институционалдық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Ғылым және жоғары білім министрі елімізде соңғы жылдары жоғары білім мен ғылым жүйесін кешенді жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары туралы жан-жақты баяндады. Министр халықаралық деңгейдегі университеттерді тарту, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, академиялық еркіндікті кеңейту, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, цифрландыру және жоғары білімнің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында атқарылған жүйелі жұмыстарға ерекше тоқталды.

Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық академиялық кеңістікке кірігуі, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерінің жақсаруы, шетелдік студенттер контингентінің артуы және Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші академиялық орталық ретінде қалыптасуына бағытталған бастамалар туралы ақпарат ұсынылды.

Тараптар студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Пәкістан азаматтарын Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Өз кезегінде Пәкістан Ислам Республикасы Білім және кәсіби даярлық министрі Уаджиха Камар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудағы нәтижелеріне жоғары баға беріп, соңғы жылдары жүзеге асырылған реформаларға ерекше қызығушылық білдірді. Ол Қазақстанның трансұлттық білім беруді дамыту, халықаралық университеттерді тарту және жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы тәжірибесі Пәкістан үшін маңызды практикалық мәнге ие екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға, халықаралық академиялық серіктестікті кеңейтуге және екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға өзара бейілділігін растады.