Ауыл мектептеріне AI технологиясы енгізіледі
Қазақстанда қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту мақсатында шағын жинақты мектептерге жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство басшысының айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте осы бағыттағы пилоттық жоба іске қосылады. Жалпы бұл сынақ кезеңі еліміздегі 500 шағын жинақты мектепті қамтиды деп жоспарланып отыр.
Аталмыш инновациялық жоба 2029 жылға қарай республика бойынша барлық 2 600 шағын жинақты мектепке толық көлемде кеңейтіледі. Мұндай заманауи технологияларды қолдану ауылдық жердегі оқушылардың сапалы білім алуына қолжетімділікті арттыруға бағытталған.