Атырау өңірінде алты жаңа мектеп ашылады

Жаңа мектептерге оқушылар алдағы жетіде, яғни 1 қырқүйекте кіреді. Бас-аяғы 3580 орын, яғни осыншама бала қысылып-қымтырылмай заманауи сыныпта білім алады. 

Алты мектептің төртеуі облыс орталығында. Екеуі Құлсары қаласы мен Құрманғазы ауданында бой көтерді. Сондай-ақ қазан айында тағы екі білім ордасының құрылысы аяқталады. Дегенмен бала саны өсіп келеді. Сол себепті өңірде алдағы екі жылда тағы 10 білім ордасы салынады. 

«Еркінқала-2» ықшам ауданындағы білім ордасы жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Мұндағы 35 сынып кабинеті бір ауысымда 600 оқушыны қабылдай алады. Қазір құрылысы толық аяқталған. Жаңа жобамен салынған ғимаратта оқушылар үшін барлық жағдай бар. 

Аян Халиуллин, мердігер мекеме басшысы:

- 11 бастауыш сынып бар. 24 сынып жоғары сыныптарға арналған. Өзінің 600 шаршы метрді құрайтын спорт залы бар. 230 орындық акт залы бар. Сонымен қатар мектептің ішінде жаңа технологиямен жабдықталған 180 орындық асханасы болады.

Қазір ғимаратты қабылдап-тапсыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Бұған дейін Еркінқала елді мекеніндегі 600 орындық мектепте үш ауысыммен 2100 бала оқып келген еді. Енді жаңа білім ошағы ол жүктемені жеңілдететін болды.

Айжан Саматқызы, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда жаңа нысанның пайдалануға берілуіне байланысты жаңа мектепке 1200-дей білім алушыны қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құжаттары жасақталып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 3 ауысымдық жүктемені жойып, оқу процесі штаттық режимде жүзеге асатын болады.

Жаңа оқу жылында облыста 6 мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Тағы екі мектептің құрылысы қазан айында аяқталады. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Құрылыстар қарқын алғанымен, өңір үшін мектеп мәселесі әлі де өзекті. Себебі бала саны жыл сайын артып келеді. Тек биылдың өзінде 15 мың 200 бала сыныпқа қабылданғалы отыр.

Биыл облыстағы 210 мектептің табалдырығын 155 мың 500 шәкірт аттайды. Бұған дейін 3 ауысыммен оқытып келген 5 мектептің қатары 3-ке азайды. Қосымша 7 апатты мектеп сүріліп, жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынбақ. 

Марат Әбуов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Атап айтатын болсақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан мектептер Еркінқала-2 ықшам ауданында, Дамбы ауылында және Көктем-2 ықшам ауданында орналасқан. Сонымен қатар Индер ауданындағы Есбол ауылында 320 орындық мектептің және Тасқала-2 ықшам ауданындағы мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.

Өңірде тағы 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр, ал бір білім ошағының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып отыр. Осылайша, 2027 жылдың тамыз айына дейін 10 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов