Қазақстанның электрондық кітапханасын әлемнің 125 елінде оқиды
Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхананы (ҚазҰЭК) шетелдіктер де белсенді пайдаланады. Қазір платформада әлемнің 125 елінен пайдаланушы тіркелген. Бұл көрсеткіш бір жылда 15 елге артқан, деп хабарлайды «24KZ».
Жыл басынан бері ҚазҰЭК порталы 865,3 мың рет қаралған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға көп. Ал қашықтан пайдаланушылар саны 33%-ға өсіп, 359,7 мың адамға жетті.
Цифрлық қорға да сұраныс жоғары. Сегіз айда электрондық көшірмелер 5,4 млн-нан астам рет қаралып, 1,2 млн-ға жуық рет жүктелген. Жыл басынан бері электрондық қойма тағы 3606 көшірмемен толықты. Қазір онда барлығы 341 637 файл сақтаулы.
Бүгінде ҚазҰЭК қорында 87 415 құжат бар. Оның ішінде кітаптар мен брошюралардың саны – 47 488. Сонымен қатар порталда авторефераттар, диссертациялар, газет-журналдар, ғылыми мақалалар, ноталық басылымдар, архив құжаттары, карталар, бейнелеу материалдары, аудио және бейнематериалдар ұсынылған.
Кітапхана материалдарын 70 тілде оқуға болады. Құжаттардың толық нұсқасын порталға тіркелмей-ақ қарауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ платформа көру қабілеті нашар пайдаланушыларға да бейімделген.
ҚазҰЭК-ті Қазақстаннан бөлек Қытай, Сингапур, АҚШ, Ресей, Вьетнам, Өзбекстан, Бразилия және Германия тұрғындары жиі пайдаланады.
Айта кетейік, 2025 жылы ҚазҰЭК пайдаланушылары 110 елде тіркелген. Биыл олардың қатары тағы 15 елге көбейген.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз