«Келешек мектептері»: Білімге алғашқы қадам

Астанадағы №101 келешек мектебі 400-ге жуық баланы бірінші сыныпқа қабылдады.  Осылайша, заманауи технологиялармен жабдықталған білім ошағында 14 бірінші сынып ашылды.

Барлығы мұнда 4 мыңға жуық бала білім алады. Биыл мектеп бағдарламасына жаңа пәндер қосылды.  

Ясин Сапарбек, №101 келешек мектебінің бірінші сынып оқушысы:

- Сайрап көңіл бұлбұлы,

Гүлге толып омырау.

Соғылады бұл күні,

Ең алғашқы қоңырау!

Салтанатты жиында сапқа тізілген бүлдіршіндер үшін бүгін – ерекше күн. Олар білім жолына қадам басты. Елордадағы №101келешек мектебі биыл 400-ге жуық баланы 1-сыныпқа қабылдады. Мұғалімдер жаңа буынның зейінін ашып, бағыт-бағдар беруге дайын. Ал толқыған ата-аналар балаларының сапалы білім алатынына сенімді.

Туғанай Салықова, Астана тұрғыны:

- Баламызды бірінші сыныпқа алып келіп отырмыз. Арнайы таңдап, Айым Бейбітшілікқызы ұстазымызға бердік. Осы №101 жайлы мектепке арнайы келдік. Қадамдарына нұр жаусын! бірінші сынып, жаңа оқу жылы құтты болсын!

Мерекелік жиынға Құрылтай депуттары мен Нұра ауданы әкімдігінің өкілдері де қатысты. Олар бүлдіршіндерді білім жолдындағы алғашқы қадамымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Күлизат Әлімжанова,  №101 келешек мектебінің бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі:

- 2026-2027 оқу жылында бірінші сыныпқа 395 оқушыны қабылдап алдық. Біз бірінші сыныпқа келген оқушыларға өте жоғары деңгейде дайындалдық. Кабинеттеріміз заманауи жабдықталған. Алғашқы мектеп табалдырығын аттағандықтан, әр оқушыға кітап сыйлауды алға қойдық.

«Келешек мектептері» тұжырымдамасымен салынған білім ошағы соңғы технологиялармен жабдықталған. Мұнда барлығы 4 мыңға жуық бала білім алады. Биыл мектеп бағдарламасына жаңа пәндер қосылды. Енді балаларға жасанды интеллект пен шахмат негіздері оқытылады. Бұл бағыт балалардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, сапалы білім алуына жол ашады. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Марат Диханбаев, Искандер Сергалиев

Сондай-ақ оқыңыз: