БҚО-да сегіз ауылда жаңа мектеп ашылды

Батыс Қазақстан облысының 8 ауылында жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды. Білім күнін шәкірттер заманауи оқу ғимаратында қарсы алды. 

Шағын жинақты мектептер КПО компаниясының әлеуметтік жобаларға бөлген қаржысына салынды. Нәтижесінде өңірдегі апатты мектеп саны 8-ден 5-ке дейін азайды. Жалпы соңғы 3 жылда облыста 38 білім ордасы бой көтерді.

Кеңсуат ауылы – Ақжайық ауданы Есенсай округіне қарасты шағын елді мекен. 400-ден астам тұрғыны бар ауылдың жолына биыл асфальт төселсе, енді міне, 60 орындық  мектеп пайдалануға берілді. Еңселі ғимаратта спорт және акт залдары, шеберханалар бар, пән кабинеттері жабдықталған, интерактивті құралдармен қамтылған.

Саян Сағынғали, оқушы:

- Жаңа мектеп өте ұнайды. Өйткені ескі мектепке қарағанда жаңа заттар өте көп. Спорт зал, акт зал және компьютер, планшеттер бар.

Шолпан Ихсанова, мектеп директоры:

- 56 оқушы қабылданып отыр. Мектеп алды даярлық, шағын орталық тәрбиеленушілерін қосқанда 80 бала білім алады. Керемет заманауи мектеп салып беріп жатқан Президенттен бастап, барлық облыс, аудан әкімдеріне алғысымызды білдіреміз.

Кеңсуаттықтардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев соңғы 3 жылда өңірде 38 мектеп салынғанын атап өтті. Нәтижесінде 14 апатты, 6 үш ауысымды және 12 бейімделген мектеп мәселесі оң шешілген.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшымыз конференцияда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы мен инфрақұрылым алшақтығын азайтып, әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста да жүйелі түрде жүргізілуде.

Биыл өңірде Жәнібек, Ұзынкөл, Сәуле, Құспанкөл, Озерное, Айнабұлақ, Кеңсуат, Үштөбе ауылдарында жаңа білім ордасы  бой көтерді. Келесі жылы  шағын жинақты тағы 5 мектеп салу жоспарда бар

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: