Қызылорда мектептеріне ЖИ енгізілді

Қызылордада мектептерге заманауи ақылды жүйе енгізілді.

Инновациялық жоба ең алдымен мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтады. Сонымен қатар мектеп ішіндегі қауіпсіздік те интеллектуалды жүйе арқылы бақыланады.

Қызылордадағы №2 Абай атындағы мектепте 4 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 400-ден астамы 1-сынып табалдырығын жаңадан аттағандар. Биыл бұл білім ошағына зерделі жүйе енгізілуде. Жаңа технология ұстаздардың әдістемелік құралдар дайындауын жеңілдетеді. Сонымен қатар оқушыларға арналған жасанды интелект үйірмесі ашылмақ. Бұл бағытта мұғалімдер арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 

Айжан Әлімова, мектеп директоры:

- Жасанды интеллектті жай ғана енгізіп қана қоймай, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге және әрбір оқушының мүмкіндік-қабілетін ашуға пайдаланамыз. Және осы мақсатта балалардың жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында дрон үйірмелерін, Lego және STEM бағытындағы үйірме жұмыстарын жандандырамыз деп отырмыз.

Интеллектуалды платформа №264 мектеп-лицейде де сынақтан өтіп жатыр. Мұнда 28 бейнебақылау камерасы акылды алгоритмдер негізінде жұмыс істейді. Егер мектеп ішінде қандай да бір қақтығыс немесе тәртіп бұзушылық орын алса, видеодерек дереу директор мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың смартфонына түседі. Бұдан бөлек, жасанды зерде арқылы кибершабуылдарға да тосқауыл қойылған.

Нейля Дүйсебекова, мектеп-лицей директорының орынбасары:

- Пилоттық жоба нәтижесінде бір ай ішінде 4998 киберқауіпсіздік оқиғасы анықталып, залалсыздандырылды. Жалпы мектептің 28 бейнекамерасы Жедел басқару орталығына қосылып, барлық қауіпсіздік оқиғалары тәулік бойы бақылауға алынды. Ең бастысы, пилоттық жоба барысында бір де бір сервердің вирусты жұқтыру фактісі тіркелген жоқ. 

Жалпы өңір мектептеріне бірыңғай цифрлық экожүйе енгізілуде. Оның құрамында бейнеаналитика, буллингке қарсы механизм, сабақтағы оқушы белсенділігін талдау, педагогке арналған цифрлық көмекші, тесттерді автоматты генерациялау және тыйым салынған контентті бұғаттау мүмкіндіктері бар.

Сәбит Ибадулла, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Қызылорда облысы бойынша 144 мектепте жасанды интеллект көмегімен жұмыс жасайтын арнайы жүйе қойылды. Бұл мектептегі педагогтарға үлкен мүмкіндік, яғни өзінің көмегін тигізеді. Бұл осы уақытқа дейін көптеген уақыт алатын мына бюрократиялық жұмыстар, қағазбастылық жұмыстары, солардың барлығын азайтып және осы автомат түрде жасанды интеллект оларға көмекші ретінде көмектесіп отырады.

Өңірде 20 мың педагог жасанды зерде курстарынан өтті. Алдағы уақытта аймақта интеллектуалды технологиялар мамандарын даярлайтын арнайы орталық пен мектептер ашу жоспарланып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: