1 қазаннан бастап ғылыми зерттеулерге жаңа талаптар енгізіледі

Фото: depositphotos.com

1 қазаннан бастап Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда «Ғылыми зерттеулер және оларды өндіріске қою. Жұмыстарды жүргізуге, есептердің құрылымы мен рәсімделуіне қойылатын жалпы талаптар» ұлттық стандарты күшіне енеді.

Жаңа стандарт ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу тәсілдерін жаңғыртуға, ғылыми қызметтің тиімділігін арттыруға және ғылыми нәтижені тәжірибеде қолдану мен коммерцияландыруға біртіндеп көшуге бағытталған.

 Стандарттың негізгі бағыттарының бірі – ғылыми зерттеулерді цифрландыру. Құжат өтпелі цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын, патенттік аналитика мен цифрлық егіздерді қолданудың нормативтік негізін қалыптастырады, сондай-ақ ғылыми деректердің ашықтығы мен қайта қолданылуының халықаралық FAIR қағидаттарын сақтауды көздейді, – деді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.

 Стандартта зерттеу нәтижелерінің жетілуін бағалаудың сараланған шкалалары енгізіледі. Технологиялық әзірлемелер үшін 1-ден 9-ға дейінгі TRL шкаласы, әлеуметтік жобалар үшін SRL шкаласы, ал іргелі зерттеулер үшін KRL қолдану көзделген.

 Құжатта ғалымдардың академиялық еркіндігін қорғауға да ерекше назар аударылған. Егер зерттеу бекітілген әдістемеге сәйкес жүргізілсе, алынған теріс нәтиже ғылыми жетістік ретінде танылады және қаржылық санкциялар қолдануға негіз болмайды.

 Медицина саласындағы зерттеулер үшін денсаулық сақтау саласындағы заңнама талаптары мен GLP, GCP және GMP тиісті тәжірибелерінің басымдығы қарастырылған.

Сонымен қатар есеп беру құжаттарын антиплагиатқа тексеру шегі белгіленеді. Ол кемінде 50 пайыз болуы тиіс.

Министрліктің мәліметінше, жаңа ұлттық стандарт ғылыми зерттеулерді цифрландыруға, олардың нәтижелерін бағалаудың заманауи тәсілдерін енгізуге және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: