Жаңа оқу жылында 3,6 мыңнан астам білім алушы өнер жолын таңдады

Фото: depositphotos.com

 Жаңа оқу жылында мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарына 3662 оқушы мен студент қабылданды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 10%-ға көп, деп хабарлайды «24KZ».

 Биыл мамандар даярлау бағыттары да кеңейді. Шығармашылық білім беру ұйымдарында екі жаңа білім беру бағдарламасы ашылды.

Қазақ ұлттық өнер университетінде алғаш рет «Инклюзивті театр әртісі» бағдарламасы бойынша талапкерлер қабылданды. Бағдарламаға Астана қаласының әкімдігі 26 грант бөлді.

Ал Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде эстрада жанрының әртістерін даярлау басталды. Жаңа білім беру бағдарламасына 13 оқушы қабылданды.

Өңірлерде де шығармашылық білім алуға мүмкіндік артты

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ ұлттық өнер университетінің жаңа өкілдігі ашылды. Оған байланысты мемлекеттік тапсырыс бойынша 100 грант бөлінді.

Жаңа оқу жылындағы қабылдау қорытындысы бойынша талапкерлер режиссура, театр және музыка өнері бағыттарын көбірек таңдаған.

Сонымен қатар арт-менеджмент, өнертану, дизайн, аудиовизуалды өндіріс, кино және телевизия, сценография мамандықтарына да сұраныс жоғары.

1,7 мыңнан астам грант бөлінді

Мәдениет және өнер саласында мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 1747 грант бөлінді. Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтиды.

Қазір мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам адам білім алып жүр. Төрт жоғары оқу орны мен жеті колледжде 223 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: