Елордада донорлық мәдениетті қалыптастыру мәселесі талқыланды
Елде жыл сайын 300-ден астам адам ағза трансплантациясын күтіп, оған жете алмай көз жұмады.
Олардың өмірін туыстықтан бөлек мәйіттік донорлық арқылы құтқаруға болады. Бірақ мұндай жүйенің барын көпшілік біле бермейді. Ал өз ағзасын беруге келіскендердің басым бөлігінде медициналық қарсы көрсеткіштер анықталып жатыр. Саланың өзекті мәселелері бүгін Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың жиынында айтылды. Онда донорлық туралы ақпаратты дұрыс жеткізу әрі халықтың осы бағыттағы түсінігін кеңейту тетіктері талқыланды. Қазір елде ағза алмастыру бойынша күту парағында 5 мыңға жуық адам тұр. Оның 120-сы бала.
Мэлс Асықбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығы трансплантация секторының жетекшісі:
- Бүгінгі таңға дейін 87 бүйрек трансплантациясы жасалды, оның 7-еуі мәйіттік донордан алынған. 80-і туыстық бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл жерде ең қиыны туыстық донордан бүйрек немесе бауырды алу қиын. Медициналық көрсеткіштері бар, кім донор бола алады, кім бола алмайды. Ал енді қазір күту парағында тұрған 4900 пациентті толыққанды туыстық донормен қамтамасыз ете алмаймыз.
Арайлым Саттарова, "Өмір сыйла" бағдарламасының амбассадоры:
- Ең біріншіден, сауапты, ең қайырымды істердің бірі. Екіншіден, бұл Қазақстанда мәйіттік донорлықтың мәдениетін қалыптастыру. Осы ретте біз амбассадорлар волонтер ретінде осы жұмысты атқарудамыз. Оның маңызын көпшілікке түсіндіргіміз келеді.
Болашақта мәйіттік донор болғысы келетіндер «еГов» порталы арқылы келісім бере алады. Бірақ ол жеткіліксіз. Себебі азамат қайтыс болған жағдайда, оның жүйедегі емес, туыстарының келісімі маңызды болмақ. Сондықтан ықтимал донорлар, еГов-қа тікеркелген соң алдымен өз шешімі туралы туыстарын хабардар етуі қажет, дейді мамандар.
Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:
- 10 ай ішінде 13 өзекті донор, яғни келісімі алынған. Негізінен 18 адамнан келісім алынып тұр, бірақ бесеуінде, өкінішке орай, медициналық қарсы көрсеткіштер табылды. Сол себептен 13 адам ағзаларын алдық. Одан қалды, 5 азаматтың туыстарымен сөйлесейік десек, қарсылық білдірген. Олармен сөз де, қимыл да жасай алмадық.