Үздік оқырмандарға 10 млн теңгеден бас жүлде табысталады
Кітапқұмар қауымның қатары артып келеді. Небәрі екі аптаның ішінде млн-нан астам қазақстандық «Оқитын ұлт» республикалық жобасына қатысуға ниет білдірген.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бастама ел ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастырып келеді. Жоба талабына сәйкес қатысушылар жеті бағыттың бірін таңдап, алты айда 15 кітап оқып, өңірлік деңгейде бірнеше сыннан өтуі тиіс. Үздіктер «Жыл оқырманы» атағына таласады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сүйенсек, аймақтық сыннан сүрінбей өткен жүлдегерлерге 300 мыңнан 600 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал ақтық бәсекеде еліміздің 20 өңірінен іріктелген 200 оқырман елордаға келіп, тест тапсырып, эссе жазып, оқыған шығармаларын сарапшылар алдында талдауы шарт. Нәтижесінде Қазақстанның үздік 10 оқырманы анықталып, әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде бас жүлде табысталады.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қадірлі кітап сүйер қауым! Баршаңызға белгілі биыл мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соның бірі – «Жылдың 10 оқырманы» жобасы аясында басталған жалпыұлттық кітап оқу марафоны. Былтыр пилоттық негізде Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласында өткен марафонға 180 мыңнан астам адам қатысты. Биыл кітап оқу марафонын тұтас ел аумағында өткізгелі жатырмыз. Оған оқушылар мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, отбасылар мен зиялы қауым өкілдері, яғни кез келген оқырман қатыса алады. Қоғамның кітап оқуға деген ықыласы зор екені қуантады.