Мектептерде жаңа жүйе: 2-4-сынып оқушылары алғашқы аралық бағалаудан өтеді

@oqu_agartu
 

Еліміздегі барлық мектептерде 23–30 қыркүйек аралығында бастауыш сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі басталады, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа 2026–2027 оқу жылында бағалау жүйесіне енгізілген Жаңа тәртіп бойынша, 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіліп, бір-бірін толықтырады. Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша ұйымдастырылады.

Пәндерге қарай бағалау форматы да бөлек көрсетілген: қазақ тілі немесе орыс тілі бойынша диктант пен оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар (оқушының сауатты жазуы мен мәтінді түсінуі) бағаланса, әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығы (мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау, ойын жүйелі жеткізу) тексеріледі. Ал математикадан бақылау жұмысы жүргізіліп, есептеу дағдыларымен қатар есеп шартын түсіну, шешу жолын таңдау және жауабын негіздеу бағаланады.

Әрбір аралық бағалау жұмысына 40 минут уақыт беріледі. Сынып ерекшелігіне қарай ең жоғары балл шегі бекітілген: 2-сынып үшін – 12 балл, 3-сынып үшін – 14 балл, ал 4-сынып үшін – 16 балл.

Маңызды ерекшеліктердің бірі – егер каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, баланың қолжазбасы мен жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.

Тоқсан бойы жалғасатын формативтік бағалау кезінде мұғалім әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық бағалау бойынша қойылады.

Айта кетейік, 1-сынып оқушыларына балдық бағалау мүлдем жүргізілмейді. Білім беру саласындағы мамандар бұл өзгерістердің басты мақсаты – балаға тек қатаң баға қою емес, оның материалды қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылап, әрі қарай дамуына шынайы кері байланыс беру екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз: