Инклюзивті білім беру: Қазақстанда 3 мыңнан астам маман тапшы
Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мың баланың 90%-ы білім алып, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көріп жүр. Елде балаларға арналған 1 200-ден астам қолдау кабинеті ашылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Бекзат Төреқұлова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Министрлік өкілінің сөзінше, қазір білім беру ұйымдарында балаларды сүйемелдеу үшін 7 500 педагог-ассистент және 11 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Олардың қатарында логопедтер, сурдопедагогтер, тифлопедагогтер және басқа да мамандар бар. Дегенмен салада 3 мыңнан астам маман тапшы. Әсіресе логопедтер жетіспейді.
Тапшылық бар, әрине бар, оны жоқ демейміз. 3 мыңнан астам тапшылық бар, – деді Бекзат Төреқұлова.
Оның айтуынша, маман тапшылығын азайту үшін логопедтерді 9 колледжде, ал педагог-ассистенттерді 6 колледжде даярлау қолға алынған. Бұдан бөлек, арнайы педагогика бағыты бойынша қайта даярлау курстарын ұйымдастыру қарастырылып жатыр.
Арнайы мектептер салынады
Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 540 арнайы ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 100 арнайы мектеп, 49 арнайы балабақша, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 220 түзету кабинеті бар. Сондай-ақ аутизмге арналған 12 орталық пен 14 оңалту орталығы қызмет көрсетеді.
Саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін 20 өңірде жаңа үлгідегі арнайы мектептер салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жоспар бойынша, республикалық маңызы бар қалаларда 1 000 орындық, ал облыстарда 600 орындық мектептер салу ұсынылған.
Ерте қолдау жүйесі кеңейтіледі
Бекзат Төреқұлованың айтуынша, баланың даму ерекшеліктерін ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсету маңызды. Осыған байланысты психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту жоспарланған. Қазір бір консультация 50 мың балаға шақталып ашылса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 40 мыңға дейін төмендету көзделіп отыр.
Сонымен қатар 2026 жылғы қыркүйекте жеті мемлекеттік органның қатысуымен ведомствоаралық кешенді жоспар әзірленген. Ол баланы туғаннан бастап кәсіби білім алғанға дейін қолдауды көздейді. Жоспар аясында ауылдық жерлердегі маман тапшылығын азайтуға да басымдық берілген.
Балаға сапалы білім беру қала, ауыл деп бөлінбеуі керек. Барлық баланың тұрғылықты жеріне қарамастан білім сапалы, тең әрі қолжетімді болуы керек, – деді министрлік өкілі.
Министрлік мәліметінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар жалпы білім беретін мектептерде қатарластарымен бірге немесе арнайы сыныптарда білім ала алады. Ал балаларды қолдау жүйесін дамыту үшін мамандар даярлау, арнайы кабинеттер ашу және консультациялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасады.