«Таза Қазақстан»: ШҚТУ «жасыл» университеттер рейтингінде көш бастады
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті UI GreenMetric World University Rankings 2026 халықаралық рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылық орнын сақтап, әлемнің үздік 150 «жасыл» университетінің қатарына енді, деп хабарлайды «24KZ».
Биыл рейтингке әлемнің 2015 университеті қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 270 оқу орнына көп. Қазақстаннан рейтингке қатысқан жоғары оқу орындарының саны да 30-дан 41-ге артты.
ШҚТУ-дың жалпы нәтижесі 8462,5 балға жетті. Университеттің рейтинг критерийлерін орындау көрсеткіші 2020 жылғы 71%-дан 2026 жылы 85%-ға өскен.
«Білім беру және зерттеулер» санаты бойынша ШҚТУ екінші жыл қатарынан 100% нәтиже көрсетті. Ал биыл енгізілген «Басқару» санатындағы көрсеткіш 99%-ды құрады.
Университеттің «жасыл» даму бағыты энергия тиімді инфрақұрылымды дамыту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау және экологиялық жобаларды іске асыруды қамтиды.
Айта кетейік, UI GreenMetric — жоғары оқу орындарының тұрақты даму және экологиялық жауапкершілік көрсеткіштерін бағалайтын халықаралық рейтинг.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз