ҚАЗТЕСТ тапсыруға өтінім қабылдау 30 қыркүйекте басталады

фото: ЖИ

Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған ҚАЗТЕСТ сертификаттық тестілеуіне өтініш қабылдау ертең, 30 қыркүйекте басталады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Сертификаттық тестілеу 9 қазанда электронды форматта еліміздің 19 қаласында өтеді. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Петропавл, Павлодар, Семей, Талдықорған, Түркістан және Тараз қалалары бар.

Өтініштер 30 қыркүйек пен 7 қазан аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданады. Тестілеуге қатысу үшін сайтқа тіркеліп, «Өтініш беру» бөлімін таңдау қажет. Одан кейін «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ» және «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу» бөлімдеріне өту керек.

Тестілеу төрт блоктан тұрады. Тыңдалымда 20 тапсырмаға 20 минут, оқылымда 40 тапсырмаға 50 минут беріледі. Жазылымға 50 минут, ал айтылымға 7 минут қарастырылған.

Сертификат алу үшін тестіленуші әр блок бойынша белгіленген шекті балды жинауы тиіс. Жазылым және айтылым блоктарының нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде app.testcenter.kz сайтындағы жеке кабинетте жарияланады.

Тестілеуге қатысу құны – 7 121 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз: