Үш жылдық жоғары білім беру моделін дамыту қажет – депутат
Қазақстанда еңбек нарығының сұранысына сай үш жылдық жоғары білім беру моделін дамыту қажет. Бұл ұсынысты «Respublica» партиясы фракциясының депутаты Махамбет Хасенов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Депутаттың айтуынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтар.
Отандық бизнес жиі көтеретін мәселелердің бірі – білікті кадр тапшылығы. Бизнес үшін кадр тапшылығы – іске қосылмаған қуат, кейінге қалған инвестиция және жоғалған өнімділік, – деді Махамбет Хасенов.
Оның айтуынша, 2025 жылы Enbek.kz порталында 1,3 миллион бос жұмыс орны және 1,4 миллион түйіндеме жарияланған. Бос жұмыс орындарының 75%-ы білікті мамандарға қатысты болған.
Осыған байланысты депутат мамандарды даярлау мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, үш жылдық формат білім бағдарламасын жай ғана қысқарту емес, қажетті білім мен құзыретті тиімді оқу траекториясы арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін модель болуы керек.
Бұл, әсіресе, IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис, туризм сияқты еңбек нарығы жылдам өзгеретін салалар үшін маңызды. Нарық пен технология төрт жыл күтпейді. Білім беру жүйесі де экономикадағы өзгерістерден қалып қоймауы керек, – деді депутат.
Махамбет Хасенов Қазақстанда үш жылдық бакалавриаттың тәжірибесі бар екенін атап өтті. Мысал ретінде Almaty Management University мен Astana IT University-де студенттердің үш жыл ішінде 240 академиялық кредит игеретінін келтірді.
Депутат үш жылдық білім беру моделін барлық мамандыққа бірдей енгізу мүмкін емес екенін айтты. Әр бағыт бойынша жұмыс берушілердің сұранысы, кәсіби стандарттар, академиялық кредит көлемі және қажетті құзыреттер жеке зерттелуі қажет.
Үш жылдық формат маманның еңбек нарығына бір жыл ерте шығуына, тәжірибе жинауына, табыс табуына, салық төлеуіне және кәсіпорын жұмысына қосылуына мүмкіндік береді, – деді Махамбет Хасенов.
«Respublica» партиясы фракциясы үш жыл ішінде сапалы маман даярлауға болатын қолданбалы білім беру бағдарламаларын анықтауды ұсынды. Ол үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» палатасы және салалық бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс жүргізу қажет.
Сондай-ақ депутат пилоттық жобаларды іске қосып, триместрлік оқу жүйесін, жазғы семестрді, дуалды білім беруді және кәсіпорындардағы өндірістік практиканы кеңінен қолдануды ұсынды.
Үкіметке үш жылдық білім беру моделін қолдануға болатын бағыттарды анықтап, оны іске асырудың нақты тетіктері мен мерзімдерін ұсыну туралы ұсыныс жолданды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз