Мектеп асханасынан кемшіліктер анықталды

Шығыс Қазақстандағы мектеп асханаларында 300-ге тарта санитарлық талап нормаларын бұзу дерегі анықталды. 

Бірінде ас бөлмесінің жабдықтары жетіспесе, тағы бірінде зарарсыздандыру жұмыстары толық жүргізілмеген. Санитариялық-эпидемиологиялық департамент өкілдері тамақтану орындарында бақылауды күшейтті. Қазір облыста 48 мың оқушы тегін тамақтану жүйесіне енгізілген. Асханада ас мәзірі қаншалықты жиі тексеріледі? 

Облыстағы мектеп асханалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі келісімшартқа сай кәсіпкерлерге беріліп, тұрақты түрде қаражатпен қамтамасыз етіліп отыр. Сондықтан онда асхана жабдығы, тамақтың құрамы және дәмі жағынан белгілі нормалар сақталуы тиіс. Бұны санитариялық дәрігерлер мен қоғам белсенділерінен құралған комиссия жіті бақылауда ұстайды. Қыркүйектің басына дейін олар ас үй жабдықтарының толық болмауы, зарарсыздандыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі сынды деректерді анықтап, кәсіп иелеріне ескерту жасаған. «Қазір ол олқылықтар толық жойылды», - дейді мамандар.

Александр Светаш, Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы:

- Біз тиісті ұсыныстарымызды айттық. Сонымен қатар балаларға арналған ас түрлерін кеңейтуге де кеңес бердік. Тегін тамақпен қамту -мемлекет қаражаты есебінен қаржыландырылып жатқандықтан барлығы қатаң бақылауда болуы тиіс.

Ас мәзіріне, асхана жабдығына бракеражды комиссия мүшелері де мониторинг жүргізіп отырады.

Жаңыл Назарбаева, №44 мектеп-лицей директоры:

- Біздің мектептерде ай сайын бракераж комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия асханадағы тағамдардың сапасын, дәмділігін бақылап, тексеріп отырады.

Әр мектепте Face ID қондырғысы орнатылған. Бұл сандық технология тегін тамақ ішуге құқылы балалар есебін анықтап, жүйенің мүлт кетпеуін қадағалайды. 48 мың оқушыға бөлінген қаражат та аз емес.

Жанғазы Әліпбаев, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 6,1 млрд теңге қаражат қарастырылған. 1–4 сынып оқушыларының бір реттік тамақтану құны – 805 теңге, 5–9 сынып оқушыларының тамақтану құны – 895 теңге, ал 10–11 сынып оқушыларының тамақтану құны – 989 теңге.

Жалпы ел бойынша биылғы оқу жылында 1,5 млн-ға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтану жүйесімен қамтамасыз етіледі. Салалық министрлік мәліметінше, әлеуметтік осал топқа кіретін орта және жоғарғы сыныпта оқитын 230 мың балаға да осындай қолдау көрсетілмек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: