Елімізде мұғалімдер саны рекордтық көрсеткішке жетті

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

 Қазақстан мектептерінде педагогтер саны рекордтық деңгейге жетті. 2025–2026 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 415,5 мың мұғалім еңбек етеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 13,3%-ға өскен, деп хабарлайды «24KZ» Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Тек бір жылдың ішінде педагогтер саны 2,2%-ға артқан. Мұғалімдердің біліктілік санаты бойынша ең көбі – педагог-модераторлар. Олардың саны 126,7 мың адам.

Одан кейін педагогтер – 99,5 мың, педагог-сарапшылар – 95,4 мың және педагог-зерттеушілер – 82,6 мың адам. Сонымен қатар мектептерде 5,5 мың педагог-стажер және 3 мыңға жуық педагог-шебер жұмыс істейді.

Педагогтердің басым бөлігі – әйелдер. Олардың саны 337,8 мың адам, яғни мектеп мұғалімдерінің 81%-дан астамын құрайды.

Мұғалім ең көп өңір – Түркістан облысы

Педагогтер саны бойынша өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 67,4 мың мұғалім еңбек етеді.

Одан кейінгі орындарда Алматы облысы – 34,9 мың және Алматы қаласы – 28,6 мың педагог. Бестіктің қатарында Жамбыл облысы – 28,2 мың және Шымкент қаласы – 23,4 мың мұғаліммен бар.

Ал елордада 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Астана бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жетінші орында.

Мұғалім саны ең аз өңір – Ұлытау облысы. Мұнда жалпы білім беретін мектептерде 3,8 мың педагог бар. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысында 12 мыңнан сәл астам мұғалім еңбек етеді.

Білім саласындағы орташа жалақы – 385,7 мың теңге

2026 жылдың екінші тоқсанында білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 385,7 мың теңгені құрады. Бұл республика бойынша экономикадағы орташа жалақыдан шамамен 20%-ға төмен.

Бұл көрсеткіш барлық білім беру саласына қатысты орташа жалақы екенін атап өткен жөн. Яғни ол мектеп мұғалімінің нақты табысын тікелей көрсетпейді.

Педагогтің жалақысы еңбек өтіліне, біліктілік санатына, оқу жүктемесіне және атқаратын қызметіне байланысты өзгереді. Бұған қоса сынып жетекшілігі, біліктілік санаты және еңбек жағдайына қарай түрлі қосымша төлемдер мен үстемеақылар қарастырылған.

Бүгін – Дүниежүзілік мұғалімдер күні. Биыл Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде педагогтер саны алғаш рет 415 мыңнан асты. Мамандардың пікірінше, мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен еңбек жағдайы елдің адами капиталының сапасына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыз: